Ана мен бала денсаулығының арттырылуына үлес қосып, жүктілікті жоспарлау мен әйелдің босанғанға дейінгі ахуалын, күтімін асқан жауапкершілікпен қадағалап жүрген ақ халатты абзал жан – Қымбат Оразғалиқызы Әбдіраимова. Бүгінде ол жоғары санатты акушер-гинеколог, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда. Медициналық училищеден медбике мамандығын алып, дайындықтың барлық сатыларынан өткен ол 1988 жылы Ақтау қаласының Шевченко атындағы медициналық училищесін қызыл дипломмен бітіріп, содан соң Қарағанды медициналық институтына оқуға түседі. 1995 жылы өзінің кәсіби қызметін Тараз қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың қабырғасында акушер-гинеколог ретінде бастайды. 2018 жылдан бастап, бүгінде Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында перзентхана бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда. 2020 жылдың сәуірінен бастап осы уақытқа дейін Қымбат Оразғалиқызы коронавирустық инфекциямен күрестің алдыңғы қатарында еңбек етуде.
Сондай-ақ, 2009 жылдан бастап бүгінде Қымбат Әбдіраимова сыртқы кешенді бағалау бойынша сараптама комитетінің тұрақты мүшесі болып табылады. Медициналық белсенді жұмысына қарамастан, Қымбат Оразғалиқызы жоғары санатты дәрігер ретінде біліктілігін жоғарылатып, әр түрлі бағыттарда оқуын жалғастыруда. Оның саладағы еңбек өтілі — 26 жыл. Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін Құрмет белгісімен, Халықтың сапалы медициналық қызмет алу құқығын қамтамасыз ету болып табылатын Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу жүйесін қалыптастыруда жағымды үлес қосқаны үшін алғыс хатымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. Қымбат Оразғалиқызы үшін ең құнды марапат – ол өңіріміздің емделушілері мен олардың жаңа туған сәбилерінің алғысы.
— Менің түсінігімше акушер-гинеколог ештеңеден қорықпау қажет. Әрқашан әйел адамдарға көмектесуге дайын тұру керек. Шаршағанына да, ешбір қиындыққа қарамастан өзін аямай, науқасқа көмек көрсететін дәрігер идеал болады деп ойлаймын. Мінсіз дәрігер деген – ол өзін де, отбасын да екінші кезекке қойып, бірінші науқастың амандығын ойлайтын адам. Менің жұмысым күнделікті дүниеге жаңа туған нәрестелердің келуімен байланысты. Жаңа өмірдің басталғанының куәгері болу сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл адреналин. Сенің көз алдыңда бала туылады. Әрине, бұл өте қуанышты сәт. Ана да, баласы да аман-есен болса екен деп уайымдайсың. Қолдан келгеніңді аямайсың. Өмірге жаңа адамның келуі – бұл ең ғажап құбылыс! — дейді акушер-гинеколог Қымбат Әбдіраимова.
Дереккөз Жамбыл облысының Деңсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі