Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында жарияланған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында ұйымдастырылып, оны «Amanat» партиясы Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырды. Форумның басты мақсаты – жас мамандарды жұмыспен қамтуға ықпал ету, әлеуметтік лифтілерді дамыту, жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру, еңбекші жастарға жүйелі қолдау көрсету, өзекті мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және оны кеңінен енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу болды.
Жиынға ҚР Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, «Amanat» партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық мәслихат депутаттары, партияның Жастар қанатының төрағасы Ақерке Ескендірова, еңбек ардагерлері, ірі кәсіпорындар өкілдері, ауыл жастары және техникалық, кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері қатысты. Форум еңбек адамының еңбегін дәріптеп, жұмысшы кәсіптердің абыройын көтеруді, жас буынды адал еңбекке баулуды мақсат тұтты. Қатысушылар елдің дамуы – түрлі салада еңбек етіп жүрген мыңдаған адамның табанды еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Мұқаш Ескендіров өз сөзінде елімізде жыл сайын ондаған жаңа өндіріс орындары ашылатынын, алайда білікті кадрлардың жетіспейтінін айтты. Ол облыста салынып жатқан кальцийленген сода зауыты мен күкірт қышқылы өндірісіне, «ЕвроХимнің» тыңайтқыш зауытына мыңдаған жұмысшы қажет болатынын жеткізіп, жастарды мамандық алуға және өндірісте тәжірибе жинауға шақырды. Мәжілісмен өзі қарапайым жұмысшыдан бастап «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директорына дейін көтеріліп, Еңбек Ері атағына ие болғанын мысалға келтіріп, еңбектің, кәсібиліктің және адал амбицияның табысқа жетудің кепілі екенін жеткізді.
Форумда жұмысшы жастардың әлеуметтік мәселелері де талқыланды. Тұрғын үй, кәсіби даму, еңбек қауіпсіздігі, қайта даярлау мүмкіндіктері жөнінде айтылып, саладағы үздік жас мамандар мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау тетіктерін таныстырды. Жамбыл политехникалық жоғарғы колледжінің студенттері жасаған робот-собақ, барлау роботы мен көпқабатты «ақылды» жылыжай жобалары көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Химия факультеті бар гуманитарлық-техникалық колледж және геодезия мен картография кафедрасы бар заманауи гуманитарлық-техникалық колледж өз стендтерін ұсынып, студенттердің заманауи құрал-жабдықтарда оқып жатқанын көрсетті.
Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Президент Жолдауында айтылған Жұмысшы кәсіптер жылы – қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілетуге арналған маңызды қадам екенін атап өтті. Ол Жамбыл облысында алдағы уақытта 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Бұл жастардың тұрақты жұмыс табуына мүмкіндік береді.
«Talas Investment Company» қызметкері Бексұлтан Болғанбек кәсіпорынның натрий цианидін өндіретін еліміздегі жалғыз зауыт екенін айтып, жаңа өндірістік желі құрылысы басталғанын хабарлады. Жобаға 25,8 млрд теңге инвестиция салынып, нәтижесінде 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік. Ол жастарды өндіріс саласына тарту үшін әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету, біліктілікті арттыру мен мансаптық өсу тетіктері қажет екенін атап өтті.
Жамбыл ГРЭС-інде еңбек ететін Ұлдана Тоғанбаева энергетика саласында әйелдердің үлесі 20 пайызға жеткенін айтып, олардың инженер, технолог, зертхана қызметкері ретінде табысты еңбек етіп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, әйел мамандардың табандылығы мен еңбекқорлығы ұжымдағы сенім мен сыйластықты арттырып, жастарға үлгі болуда.
Форум соңында қатысушылар мұндай кездесулер жұмысшы жастардың байланысын нығайтып, дуалды оқыту, шеберлік сабақтары мен кәсіби бағдар берудің жастарға саналы таңдау жасауына көмектесетінін атап өтті.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырыс негізінде дайындалды






