№6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Ердос Сақпанқұлов Көкдөнен және Жақсылық ауылдарын сумен қамту мәселесін сайлауалды бағдарламасына енгізді. Ол ауыз судың сапасы, қысымы және үздіксіз берілуіне қатысты тұрғындардың өтініштерін жинақтап, шешу жолдарын ұсынуды жоспарлап отыр.
Кандидат жиі істен шығатын су құбырлары мен электр желілерін жөндеу және жаңғырту жұмыстарын ауданның тиісті жоспарларына енгізуге ықпал етпек. Сондай-ақ Көкдөнен ауылын электрмен жабдықтау және газдандыру бойынша 2030 жылға жоспарланған жобалардың дайындығы, қаржыландырылуы және іске асырылу барысы туралы ақпарат сұратуды көздейді.
Бағдарламада тау суын жеткізетін каналдарға қатысты екі бастама бар. Сақпанқұлов Көкдөненге тау суын жеткізетін каналды күрделі жөндеу мәселесін тиісті мекемелермен пысықтауды ұсынады. Ал Жақсылық ауылына тау суын жеткізу үшін жаңа канал салу жөнінде ұсыныс енгізбек. Кандидат сайланған жағдайда осы мәселелерді аудандық мәслихатта көтеріп, қабылданған шешімдердің орындалуын қоғамдық бақылауда ұстауды көздейді.
Ердос Тілепбайұлы Сақпанқұлов 1985 жылғы 17 маусымда Көкдөнен ауылында дүниеге келген. А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің түлегі. Алматы құрылыс және менеджмент колледжінде білім алып, кейін М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. Құрылыс компанияларында және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласында жұмыс істеген. 2022 жылдан бері Алматы облысының Сараптама палатасын басқарады. Аудандық мәслихаттың VIII шақырылымында депутат болған.



