Бүгін Тараз қаласындағы «Шахристан этно — тарихи кешені «Көрме орталығы» ғимаратында дәстүрлі түрде «Тамыз конференциясы» өтті. Конференцияның алғы сөзін Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев сөз алды. Конференцияда Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының м.а. Талғат Жамалов, Қазақстан Республикасы Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының президенті Ғани Бейсембаев, ата — аналар комитетінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, Жамбыл облыстық полиция департаментінің «Жергілікті полиция» қызмет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Рақымберді Әшкеев, Жамбыл облыстық ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп интернатының тарих пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Мираш Бегілдаева сөз сөйледі.
Талғат Салқанұлының айытуынша білім беру мекемелері қызметінің тиімділігін бағалау, ынталандыру мақсатында жыл сайын саралау жүргізіледі. Биылғы жылы да мектептерде 46 критерий бойынша саралау жұмыстары жүргізілді. Жиынтық көрсеткіш негізінде облыс мектептерінің рейтингтік көрсеткіші анықталды.
Рейтинг қорытындысы бойынша 54 мектеп инновациялық режимде, 70 мектеп өзін-өзі дамыту режимінде, 49 мектеп даму режимінде, 258 мектеп функционалды режимде, 4 мектеп кризистік режимде жұмыс істейтіндігі анықталды.
Кризистік режимде жұмыс істейтін мектептер қатарына Байзақ ауданындағы М.Әуезов атындағы, Қарасу орта мектебі, Жуалы ауданындағы Жамбыл атындағы №20 орта мектебі, Тараз қаласындағы №4 орта мектебі енді.
Аталған мектептердің жұмысы биылғы оқу жылында бақылауға алынып, әдістемелік көмек көрсетілетін болады.
Қазіргі таңда облыста 48 гимназия мен лицейлер (6 гимназия, 28 мектеп-гимназия, 14 мектеп-лицей), 6 дарынды балаларға арналған мектептер жұмыс істейді.
Оқушылардың олимпиадалар мен түрлі байқауларға белсенді қатысуы, жүлделі орын иеленуі — дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердің, гимназиялар мен лицейлердің негізгі міндеттерінің бірі. Алайда, Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицей, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицей, Құлан мектеп-гимназиясы, Талас ауданындағы №1 мектеп-лицей, Шу ауданындағы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясы, №40 мектеп-лицейі оқушыларының белсенділіктері төмен. Аталған мектептерде дарынды оқушылармен жұмыстардың жүйелі жүргізілмейтіндігі байқалады.
Алдағы уақытта дарынды балалармен жұмысты тиімді ұйымдастыру мәселелері мектепішілік бақылауға алыну керек.
Білім алушылардың білім сапасы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан, жаңа оқу жылында білім жетістіктерін мониторингтеу енгізілетін болады.
Білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау институты енгізіледі.