Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі — табиғаттың сыйы болған өзен суларын ел игілігіне айналдыру. Жамбыл облысы, әсіресе Жуалы ауданы бұл бағытта үлкен әлеуетке ие. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай пен Көксай каналдары аймақтың басты тіршілік көзі ғана емес, сонымен қатар таза энергия өндіретін болашақ орталықтарға айналуда.
Табиғаты көз тартарлық Көксай шатқалы туристік әлеуетімен қатар, энергетикалық маңызымен де ерекшеленеді. Көксай өзенінің суын диқандар ертеден егіске пайдаланып келсе, бұрынғы одақ тарқаған кезде каналдың 12 шақырымы көрші Қырғызстан аумағында қалып, біраз қиындықтар туындатқан еді. Дегенмен, 2015 жылы Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, каналдың жаңа арнасы салынды да, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты. Артынша арыны қатты өзен суынан электр энергиясын өндіру қолға алынып, қуаты 18 мегаватт болатын шағын су электр стансасын салу жоспарланды.
2018 жылы қаржыландырылған бұл ауқымды жобаны «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС қолға алды. Жоба бойынша канал бойынан 4 каскад тұрғызу көзделіп, бүгінде бірінші электр стансасы бой көтерді. Құрылысқа қажетті арнайы құрал-жабдықтар Австриядан әкелініп, «Жамбыл электр желілері» тарапынан қажетті инфрақұрылым тартылды. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиевтің айтуынша, бұл жұмыстарға 1,71 гектар жер учаскесі 10 жылға жалға берілген. Алайда қазіргі таңда бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары әзірге тоқтап тұр.
Осыған ұқсас тағы бір жоба Ақсай каналының бойында жоспарланған болатын. Қуаты 18 мегаватты құрайтын кіші су электр стансасының құрылысын жүргізу құқығы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС-не берілді. Жалпы құны 21 миллион долларды құрайтын бұл жоба да әзірге толыққанды жүзеге асырыла қойған жоқ.
Қорыта айтқанда, қазақ даласының күні мен желі ғана емес, аққан мөлдір суы да елдің экономикасына қызмет ететін баға жетпес байлық. Елімізде жасыл экономикаға бетбұрыс жасалып, мемлекеттік қолдаудың арқасында ауқымды істер атқарылып жатқаны қуантады. Ал әзірге тоқырап тұрған су электр стансасы жобалары өз жалғасын тауып, алдағы уақытта өңірдің энергетикалық қуатын арттыруға толық үлес қосады деген сенім мол.







