Жалпы, желден энергия өндіруге аса қолайлы өңірлердің қатарына Жамбыл облысы кіреді. Бүгінде бұл өңір жасыл энергия көздерін өндіру бойынша республикада бірінші орында келеді және аймақтың өндіретін электр энергиясы елдегі жалпы сұраныстың 30 пайызын толықтай жауып отыр.
Алға қойылған жоспарларға сәйкес, Жамбыл облысында алдағы үш жылда тағы да 3 жел электр стансасы салынбақ. Соның бірі биыл Мойынқұм ауданында басталды. Жалпы өңірде бұдан 16 жыл бұрын желден қуат алатын алғашқы стансалар бой көтере бастаса, былтыр Айша бибі ауылының маңында бұрын-соңды болмаған ауқымды жоба жүзеге асырыла бастады. Онда бу мен газдан қуат көзін алатын зауыт құрылысы қолға алынып, жылына 1,5 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндіріледі деп күтілуде. Құрылысы қарқын алған бұл нысанның алғашқы кезеңі биыл іске қосылмақ. Аталған учаскеге жауапты серіктестік директоры Сержан Әлімовтың айтуынша, мұндай жаңа технология Қытайдың өзінде де тек қана енді шығып жатқан көрінеді. Бұл жобаның бірінші кезеңінде 50 мегаватт қуат қосылып, бірінші қадамға 30 миллиард теңге, ал екінші қадамға 100 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Мемлекет басшысы инвестиция тарту арқылы баламалы қуат көздеріне басымдық беруді қатаң тапсырған болатын. Енді елімізде алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын жасыл энергия нысандары іске қосылмақ. Соның ішінде Мойынқұм ауданында қуаты 1 гигаватт болатын үлкен жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл жерде жылына 4 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндіріледі деп жоспарлануда. Аталмыш жобаға франциялық кәсіпкерлер 620 миллиард теңге көлемінде қаржы құймақ. Алдағы 2 жылда толық іске қосылатын бұл нысанда энергия экологиялық таза жолмен алынатын болады. Нәтижесінде ауаға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемі жылына 3,2 миллион тоннаға дейін азайып, 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба толық қуатымен жұмыс істей бастағанда еліміздің оңтүстік аймақтарының энергетикалық қуаты 20 пайызға артады.
Мұнымен шектелмей, тағы екі ауданда қара желдің күшін пайдалану көрсеткіші арттырылмақ. Атап айтқанда, Талас пен Сарысу аудандарында қуаты 1 гигаватты құрайтын «Mazdar» компаниясының жел электр стансасы жобаларын жүзеге асыру көзделіп отыр. Жалпы аймақтың бекітілген жоспарына сәйкес, 2028 жылға қарай жалпы қуаты 2,5 гигаватқа жететін 24 нысанды іске қосу көзделуде. Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста жылына 571 мегаватт жасыл энергия өндіретін 22 нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 6-сы гидроэлектр стансасы, 6-сы күн стансасы және 10-ы жел электр стансасы болып табылады.
«Жасыл экономика» дегеніміз – экологияны қатаң түрде басымдыққа ала отырып, жер, су және өзге де табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдалану. Осы мақсатта елімізде 2014 жылы «Жасыл экономика» туралы арнайы Заң қабылданған болатын. Құжатта табиғи ресурстарды орнымен қолдана отырып инфрақұрылымды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және жаһандық экологиялық мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Дәстүрлі экономика өндірістік қалдықтарды қайта өңдеуге негізделсе, жасыл экономиканың басты ерекшелігі – баламалы қуат көздерін табиғи ресурстардың көмегімен өндіру. Бұл тәсіл мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыруға қуатты серпін береді.
Президент өз Жолдауында энергияны тиімді пайдалану және ресурстарды үнемдеу бойынша нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажеттігін атап өткен еді. Осы орайда 2029 жылға қарай энергияны тұтыну мен шығынына қатысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар Талас ауданында да өте жоғары деңгейде атқарылып келеді. Мәселен, Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты аумақтан 2019 жылы «WindPowerCity» және «WindElectroCity» серіктестіктері желден қуат өндіретін құрылғыларды орнатып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде олардың әрқайсысы 3 қондырғы арқылы жалпы қуаты 4,5 мегаватт электр энергиясын өндіруде.
Сонымен қатар, дәл осы аумақта 2022 жылы құны 5487 миллион теңгені құрайтын 3 жаңа жоба жүзеге асырылды. «Жасыл экономика» бағдарламасы аясында іске қосылған «Новатекс», «Шеңгелді» және «Шеңгелді-2» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз жұмыстарын сәтті атқарып келеді. Қазіргі таңда бұл 5 кәсіпорында барлығы 21 жергілікті тұрғын еңбек етуде. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, бұл электр стансалары ауданның өнеркәсіп саласына үлкен үлес қосып отыр. Оның айтуынша, желден электр энергиясын өндіретін аталмыш 5 кәсіпорын аудан бюджетіне 30-50 миллион теңге көлемінде салық төлейді. Стансалар Көктал ауылының маңында орналасқандықтан, онда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Осы кәсіпорындардың арқасында өңірге 9 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылды.
Бұдан бөлек, аталған кәсіпорындар тек жұмыс орындарын ашып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық шараларына да белсене қатысып келеді. Мәселен, кәсіпорын басшылығы ауыл іргесіндегі ескі мешіттің шатырын жауып, ішкі сылақ жұмыстарын жүргізуге және оны толықтай қайта жабдықтауға қаржылай демеушілік көрсетті. Жалпы, елімізде 2013 жылдың 30 мамырында қабылданған «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы мемлекеттің инновациялық іскерлігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Сала мамандары бұл құжаттың ел экономикасының орнықты әрі тиімді моделін құруға негіз болатынын атап өтуде. Еліміз жел мен күн энергиясының әлеуеті жөнінен әлемнің ең үздік аймақтарымен толық теңесе алады, ал бұл бағытты дамыту арқылы біз басқа мемлекеттерге үлгі болып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауда озық елдердің қатарына қосыламыз.







