ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК!
Меркі ауданындағы Тәтті ауылдық округіне қарасты Ақ жол ауылында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына орай алқалы жиын ұйымдастырылды. «Туған жерге туыңды тік!» акциясы аясындағы осынау іс-шара округтегі білім және мәдениет ошақтарының бастамасымен әзірленіп, онда ауыл тұрғындары, жастар, мектеп оқушылары ауылдан шыққан тұлғалармен кездесті.
Елбасы мақаласы аясында өткен шара аясында ақжолдық бір топ азамат сүйікті ауылдарына бет бұрып, бірі қайырымдылық шарасын өткізсе, енді бірі демеушілік ете отырып, туған топырақтарына, өздері өскен ортасына деген ықыластары мен ілтипаттарын ала келіпті. Атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Б.Әбжапаров, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ж.Жантелиев, «Жылы бұлақ» ЖШС-нің басшысы А.Әкетаев, кәсіпкер азаматтар А.Мұстахметов, Ж.Спанқұлов, Ж.Мұсабаев, Н.Асылбаев, Ж.Өмірбаев, Қ.Көбегенов, Т.Анарбеков, К.Бердіқұлов, Е.Жаманбаев, Ж.Жантелиев, Ж.Сиха, ішкі істер органдарының қызметкерлері – Е.Сейітжан, Б.Сейітжан деген азаматтар. Мерекелік іс-шара №15 Жауғаш батыр атындағы орта мектебінің 7-11 сынып оқушылары арасында тәрбиелік мәні бар сынып сағаттарын өткізуден басталды. Атап айтар болсақ, 11 сынып оқушылары «Киелі Ақ жол өңірінің төл перзенттері» тақырыбында мектеп түлектері, Ербол Сейітжанмен және Нұрсайын Асылбаевпен кездессе, 10 сынып оқушылары «Туған жер – алтын бесігім» тақырыбында осы мектептің түлегі, шаруашылық басшысы Аманжол Әкетаевпен кездесті.
Аманжол Асылкерімұлы өзінің өмір белестері туралы әңгіме қозғағанда, ең бірінші, өзінің осындай азамат болып өсіп-жетілуіне себепкер болған әкесі Асылкерім ата туралы айтты. Ал, 9 сынып оқушылары осы мектептің түлегі, аудан әкімінің ауылшаруашылық жөніндегі орынбасары Бақытхан Әбжапаровпен кездесіп, өздерін қызықтыратын сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Осы сынып сағаты аясында Ажар Тұрсыналы есімді оқушы Бақытхан ағасының «Туған жерге туыңды тік!» атты өлеңін жатқа айтып берді.
«Туған жерім – кіндік қаным тамған жерім» атты тақырыпты таңдаған 8 сынып оқушылары мектеп түлегі, бірнеше жылдар бойына осы мектепті, аудандық білім бөлімін басқарған, бүгіндері мәдениет жағын тізгіндеп отырған Жұмахан Жантелиевпен жүздесіп, сынып сағатының мазмұнды өтуіне үлес қосты.
Ақ жол ауылындағы алқалы жиынның екінші бөлімі мектеп ауласында, ашық аспан аясында ұйымдастырылған сахна төрінде жалғасты. Бүгінгі жиынның қонақтары, туған ауылына кездесуге келген азаматтар, ауыл ақсақалдары алдыңғы қатарға жайғасса, одан соң ауыл тұрғындары мен мектеп оқушылары және т.б. жағалай орын тепті. Кездесудің бұл бөлімі мерекелік концертпен бастау алды. Айжан Мырзахан мен Мадияр Шалабаевтар «Думанды Меркі», «Ұлы дала» әндерін шырқап жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Талай ғалымды, іскер азаматтарды туғызып, қанат қақтырған Ақ жол ауылының өнерпаз жігіті Марат Хасенұлы да бүгінгі жиынға қатысып, әннен шашу шашты. Сондай-ақ, ақжолдық бауырымыз Нұрбек Рахимов та «Біз қазақпыз», мәдениет саласының қызметкері Нұрдәулет Исатаев «Сұлу Меркім – әсем ән» әнін нақышына келтіре орындап, баршаға патриоттық сезім сыйлады.
Құттықтау сөз кезегі Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасымға берілді.
– Рухани жаңғыру бағытында біздер ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлерімізді дамыта отырып, әрқайсымыз өзімізге бекітілген міндеттерімізді орындауымыз керек. Бүгінгідей жаһандану заманында алға ұмтылу, бәсекеге қабілеттілік таныту, жақсы білім беру, сапалы қызмет көрсету арқылы ғана Елбасы алға қойып отырған мәселелерді орындай аламыз.Осыдан тоғыз жылдай бұрын Әбжапаров Жарылқасын деген ағамыз осы мектепке өз қаражатынан күрделі жөндеу жүргізіп, өскелең ұрпаққа игілікті іс жасаса, бүгінгі акция соның жалғасы іспетті. Міне, сол ағамыздан үлгі алған бір топ ауыл жігіттері бүгін құдық қазып, су жүргізіп, музыкалық аппаратура, балаларға жылы киімдер мен кітаптар сыйға тартып, қайырымды іс жасап жатыр, ол үшін біз де алғысымызды білдіреміз! – деді Марат Жарылқасынұлы.
Одан кейін сөз алған аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Қамбарбек Иманалиев ағамыз да жалынды сөздерімен бүгінгі кездесудің тақырыбын аша түсті. сонымен қатар ауыл ақсақалдары Қ.Мамырбаев пен Ж.Бегайдаров та тағылымды ойлары мен сөздерін жеткізіп, туған ауылына бет бұрып, үлгі-өнеге көрсетіп отырған бір топ ақжолдық азаматтарға ризалықтарын білдірді. Осынау қастерлі істің жалғасын табатынына сендірді. Іс-шара барысында Б.Әбжапаров пен Ж.Жантелиев ауыл мектебіне 420 мың теңгенің музыкалық аппаратын сыйласа, А.Әкетаев 250 мың теңгеге 25 түп туя ағашын және 250 мың теңгеге 100 дана әдеби кітап алып берді. Кәсіпкерлер А.Мұстахметов пен Ж.Спанқұлов мектеп ауласына құдық қазып беріп, игілікті іс жасады. Сондай-ақ, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкері Е.Сейітжан мен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Б.Сейітжан екеуі 75 мың теңгеге 3 оқушыға қыстық киім сатып әперді. Сол сияқты Н.Асылбаев, Ж.Өмірбаев, Қ.Көбегенов, Жасұлан Жантелиевтер 4 оқушыға, әрқайсысы 25 мың теңге болатын, қыстық жылы киімдер алып беріп, риза етті. Жаннұр Сиха 15 мың теңгеге мектепке перде сатып әперсе, кәсіпкерлер Т.Анарбеков, Е.Жаманбаев және К.Бердіқұловтар қаржылай қолдау көрсетті. Осы күні барлығы 2 млн. теңгеге жуық болатын демеушілік, қайырымдылық шаралары жүзеге асты.
TURANINFO.KZ