Қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі елдің болашағын қалыптастыратын саналы азаматтың алғашқы тәрбиесі отбасынан бастау алады. Берекелі ортада өскен ұрпақ қана үлкен өмірге нық қадам басып, қоғамға пайдасын тигізетін тұлғаға айналады. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау мен дәріптеу – қай кезеңде де маңызды міндеттердің бірі.
Осы бағыттағы игілікті бастамалардың бірі – Тараз қаласында жүзеге асырылып жатқан «Үміт шуағы» әлеуметтік жобасы. Аталған жоба «Білімгерлер мен жастардың «Қазақстанның болашағы үшін» Тараз бірлестігі» қоғамдық бірлестігі тарапынан Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мекемесінің операторлығымен іске асырылуда.
Жоба аясында 2026 жылдың маусым айында отбасы институтын нығайтуға, жастардың болашақ өмірге жауапкершілікпен қарауына және ата-ана мен бала арасындағы байланысты бекемдеуге бағытталған екі маңызды іс-шара ұйымдастырылды. Оның бірі – «Болашақ отбасы» танымдық-психологиялық тренингі болса, екіншісі – «Менің әкем, анам және мен» отбасылық спартакиадасы.

2026 жылғы 16 маусымда Тараз қаласында жастарға арналған «Болашақ отбасы» тақырыбындағы танымдық-психологиялық тренинг өтті. Бұл басқосу жастардың отбасы институты туралы түсінігін кеңейтіп, болашақ отбасылық өмірге саналы дайындалуына, өзара сыйластық пен сенімнің мәнін терең ұғынуына бағытталды.
Тренинг барысында кәсіби психологтар қатысушылармен интерактивті форматта жұмыс жүргізіп, отбасы қарым-қатынасының маңызды қырларын ашатын тәжірибелік жаттығулар өткізді.
Облыстық психологиялық қолдау орталығының Психологиялық бөлім басшысы Ережепова Айжан Рысбековна қатысушыларға ерекше мазмұндағы жаттығу ұсынды. Ол ортаға екі қатысушыны шақырып, олардың қолдарын жіппен күрделі түйін арқылы байланыстырды. Қатысушыларға осы түйінді бір-бірін тыңдау, өзара келісімге келу және тиімді коммуникация арқылы шешу тапсырылды.
Қарапайым ғана жіпке жасалған түйіннің астарында үлкен өмірлік мән жатты. Бұл жаттығу арқылы жастар кез келген қарым-қатынаста сенімнің, сабырлылықтың, түсіністіктің және серіктесін тыңдай білудің қаншалықты маңызды екенін тәжірибе жүзінде сезінді.
Облыстық психологиялық қолдау орталығының әдіскер-психологі Мамадьярова Заура Муратовна қатысушыларға түрлі суреттер мен иллюстрациялар ұсынып, солардың негізінде оқиға құрастыру тапсырмасын берді. Бұл әдіс адамның ішкі жан дүниесін, эмоциялық күйін және ойлау ерекшеліктерін тануға мүмкіндік беретін тиімді психологиялық тәсіл ретінде қолданылды.

Ал Zerdeli Тараз мектебінің психологы Серикова Аружан Маратовна тренингтің қорытынды бөлімінде жастармен күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайлар мен шынайы кейстерді талқылады. Ашық пікір алмасу барысында қатысушылар түрлі өмірлік жағдайларға жан-жақты қарауды үйреніп, болашақ отбасы құруда маңызды болатын құндылықтар туралы тәжірибелік кеңестер алды.
Еркін әрі достық атмосферада өткен тренинг жастардың белсенді қызығушылығын тудырды. Іс-шара қатысушыларға өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға, отбасы жауапкершілігін түсінуге және саналы шешім қабылдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Ал 2026 жылғы 23 маусымда Тараз қаласында жастар мен отбасыларға арналған «Менің әкем, анам және мен» атты отбасылық спартакиада ұйымдастырылды. Бұл шара отбасы мүшелері арасындағы бірлік пен ынтымақтастықты арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ата-ана мен бала арасындағы өзара байланысты нығайтуға бағытталды.
Спартакиадаға он отбасы қатысып, өзара бақ сынады. Жарысқа Сейтеновтер, Хакимовтер, Мойлауовтар, Алтынбековтер, Бахановтар, Жолдасбаевтар, Тойбановтар, Узакбаевтар, Тилеукеевтер және Кулембаевтар отбасылары қатысты.
Спорттық дода барысында қатысушылар бірнеше кезең бойынша сынға түсті. Дартс ойынында отбасы мүшелері дәлдік пен зейіндерін сынап, нысанаға барынша жоғары ұпай жинауға талпынды. Арқан тарту сайысында командалар күш сынасып қана қоймай, ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетті.
Ал үш кезеңнен тұратын эстафеталық ойындарда қатысушылардың жылдамдығы ғана емес, бір-біріне деген сенімі, өзара қолдауы және командалық әрекеті ерекше бағаланды. Себебі бұл жарыста басты жеңіс – жүлде емес, отбасы мүшелерінің бірге өткізген әрбір сәті мен ортақ қуанышы еді.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар мен арнайы номинациялар төмендегідей бөлінді:
І орын – Тилеукеевтер отбасы;
ІІ орын – Бахановтар отбасы;
ІІІ орын – Тойбановтар отбасы.
«Көңілді отбасы» номинациясы – Узакбаевтар отбасына, ал «Белсенді отбасы» номинациясы – Мойлауовтар отбасына табысталды.
Көтеріңкі көңіл күйде, достық пен өзара қолдау атмосферасында өткен спартакиада қатысушыларға отбасы жылуының, бірліктің және бірге уақыт өткізудің қадірін тағы бір мәрте сезіндірді. Спорттық шара ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайтып, отбасылық дәстүрлерді дәріптеуге оң ықпал етті.
«Үміт шуағы» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл екі іс-шара да отбасы құндылықтарын насихаттаудың, жастардың болашаққа деген жауапкершілігін арттырудың және қоғамдағы берік қарым-қатынастарды қалыптастырудың маңызды үлгісіне айналды. «Болашақ отбасы» тренингі жастарға отбасы өмірінің мәнін терең түсінуге жол ашса, «Менің әкем, анам және мен» спартакиадасы отбасы мүшелерінің арасындағы татулық пен ынтымақтың маңызын көрсетті.

Осындай бастамалар арқылы отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпал ету – қоғамның жарқын болашағына бағытталған маңызды қадам. «Білімгерлер мен жастардың «Қазақстанның болашағы үшін» Тараз бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің бұл жобасы Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының операторлығымен жүзеге асырылып келеді.
Берекелі шаңырақ – елдің еңсесін көтеретін құндылық. Өйткені отбасынан басталған тәрбие, мейірім мен жауапкершілік сезімі ғана болашағы жарқын, іргесі берік мемлекетті қалыптастыратын ұрпақты тәрбиелейді.
Әбуәлі Мұқтарәлі Мұратұлы
«Білімгерлер мен жастардың «Қазақстанның болашағы үшін» Тараз бірлестігі»
қоғамдық бірлестігінің «Үміт шуағы» жобасының жауапты менеджері






