Еліміздің орнықты дамуы мен экономиканы жаңғырту бағыттарының басты тетіктерінің бірі – «жасыл экономика» қағидаттарына кезең-кезеңімен көшу. Бұл бағыт ең алдымен өндіріс орындарының жаңа заман талаптарына икемделуін қажет етеді. Кәсіпорындар үшін өнім көлемін арттырумен қатар, электр қуатын аз тұтынатын, қоршаған ортаға тиетін зияны ең төмен әрі ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тұрғыдан тиімді технологияларды енгізудің маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда, өңірдегі заманауи өндіріс орындарының қарқынды дамуы Жамбыл облысының жалпы экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, экологиялық тұрақтылыққа да айтарлықтай үлес қосады. Осындай озық үлгі көрсетіп отырған кәсіпорындардың бірі – Тараз қаласындағы «Energy Taraz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Бүгінгі таңда заманауи жарықтандыру жүйелеріне қойылатын талаптар да түбегейлі өзгерді. Егер бұрын жарық көзінің сапасы ғана маңызды болса, қазір оның электр энергиясын үнемдеуі, қызмет ету мерзімі, сенімділігі және қоршаған ортаға әсері қатаң ескеріледі. Осы ретте LED технологиясы электр қуатын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін озық шешімдердің бірі болып саналады. Мұндай жүйелер энергия тұтынуды төмендетіп, шығындарды азайтады. «Energy Taraz» компаниясының өнімдері осы қағидаттарға толық сай келіп, өндірістік нысандарды, әлеуметтік мекемелерді және көшелерді жарықтандыруда кеңінен қолданылуда.
Кәсіпорынның тарихы 2001 жылы Тараз қаласында өткізгіш пен кабель өнімдерін шығаратын импортты алмастырушы өндіріс ретінде басталды. Бес жылдан кейін трансформаторлар мен электротехникалық жабдықтар шығару жолға қойылып, кейін республикадағы алғашқы люминесценттік шамдарды кәдеге жарату зауыты ашылды. Өндіріс үшін бетбұрыс кезең – 2011 жыл болды. Дәл осы жылы электр энергиясын 70 пайызға дейін үнемдейтін жарықдиодты шамдар шығару қолға алынды. «Энерджи Тараз» маркасымен шыққан бұл өнімдер жоғары бағаланып, 2011 жылы «Алтын сапа» сыйлығының «Халық үшін ең үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Алайда бұл жол әрқашан тегіс болған жоқ. 2015 жылы кәсіпорынның негізін қалаушы Құрманәлі Баратов өмірден өткен соң, компания басшылықтың жиі ауысуы мен қарыздық міндеттемелердің кесірінен дағдарысқа ұшырады. Тек 2020 жылы Темірхан Нұрсұлтан бастаған жаңа іскер команданың келуімен жағдай түбегейлі өзгерді. Жоғары білікті мамандарды сақтап қалу үшін қызметкерлердің жалақысы көтеріліп, арнайы киім, тегін түскі ас және тасымалдау қызметі сынды әлеуметтік жағдайлар жасалды. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Нәтижесінде өндіріс көлемі қайта өсіп, бүгінде компанияның барлық өнімі CT-KZ сертификаттарына ие болды.
2023 жылы кәсіпорын «Атамекен» ҰКП-ның «Жылдың үздік тауары» марапатын иеленді. Сонымен қатар Ресейдегі «ИННОПРОМ» халықаралық көрмелеріне қатысып, өз өнімдерін жоғары деңгейде таныстырды. Ал 2022 жылдан бастап электр энергиясын сату бойынша арнайы лицензия алып, еліміздің барлық аумағында сенімді энергетикалық шешімдер ұсынуда. Қазіргі таңда ірі техникалық әлеуетке ие зауыт жыл сайын 100 мыңнан астам шам және 1000-ға жуық электр қосалқы станциясын шығаруға қауқарлы. Өндіріс номенклатурасы кеңейтіліп, ауа тазарту рециркуляторлары, шағын сәулеттік пішіндер мен абаттандыру элементтері де өндіріске енгізілді. Осылайша, «Energy Taraz» ұжымы еліміздің өңірлерінде жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді.







