Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі мен облыс әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы және жергілікті «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған бұл шара отбасы институтын нығайтуды, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені ілгерілетуді және аналардың қоғамдағы рөлін арттыруды мақсат етті.

Халықаралық деңгейдегі жиынға еліміздің барлық өңірлерінен келген Аналар кеңесінің өкілдерімен қатар Түркия, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінің делегациялары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Екі күнге созылған форумның алғашқы күні танымдық және қайырымдылық шараларымен басталды. Делегаттар алдымен қиын жағдайдағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығына барып, Айгерім Сарсенбаева мен Нәзипа Шанаидың қатысуымен өткен қайырымдылық акциясы аясында аналар мен балаларға сый-сияпат көрсетті.

Сонымен қатар қонақтар көне шаһардың киелі орындары – Қарахан мен Айша бибі кесенелеріне тағзым етіп, «Анаға тағзым» әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталық аумағында ізгілік нышаны ретінде гүл отырғызу рәсімі өткізіліп, ұлттық дәстүрді дәріптейтін тұсаукесер жасалды.

Павлодар облысы Аналар кеңесінің төрағасы Бақытжамал Шаханқызы сияқты қонақтар орталықтың жұмысына жоғары баға беріп, аналардың кәсіпке бейімделуі мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Осы күні қатысушылар Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театрда «Ғашықсыз ғасыр» қойылымын тамашалады.

Форумның екінші күні «Талбесік» этноорталығында тәжірибе алмасу семинарымен жалғасты. Баян Ахатай модераторлық еткен жиында Атырау, Алматы, Жетісу және өзге де облыстардың өкілдері отбасы тәрбиесі мен әлеуметтік қауіптердің алдын алу бойынша ой бөлісті.

Шараның қорытынды бөлімі – «Көне Тараз» кешенінде өткен салтанатты пленарлық отырыс болды. Жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Мемлекет басшысының аналарға деген құрмет туралы айтқан сөзін негізге ала отырып, қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудағы аналардың еңбегіне алғыс айтты.

Пленарлық мәжілісте Түркиядан Еке Учан Нагехан, Қырғызстаннан Юлия Денисенко сияқты халықаралық сарапшылар мен отандық комиссия мүшелері Шолпан Каринова мен Айгерім Сарсенбаева баяндама жасап, ұлттық тәрбие мен тарихи мұраны сақтау мәселелерін қозғады.
Форум соңында белсенді аналар «Ел Анасы» және «Аялы алақан» сынды мәртебелі марапаттарға ие болып, ел болашағы жолындағы қажырлы еңбектері үшін ризашылыққа бөленді.
Фото: «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі







