Спорт – салауатты өмір салтының діңгегі, жас ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесінің қайнар көзі. Ауылдық жерлерде спорттың дамуы – ел болашағының кепілі. Бұл бағытта Жамбыл облысындағы №10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі айтарлықтай жұмыстар атқарып келеді.
Біз осы білім ордасының қазіргі тыныс-тіршілігі, шәкірттерінің жетістіктері және алдағы жоспарлары туралы мектеп басшысы Жамбыл Жеңісбекұлымен арнайы сұхбаттастық. Спорт мектебінің басшысы өзінің осы салаға келу жолынан бастап, ауыл спортының әлеуетін көтеру жолындағы мақсаттарымен және жаңа ғимаратқа қол жеткізудегі еңбектерімен бөлісті. Сондай-ақ, дзюдо, волейбол және грек-рим күресінен Қазақстан деңгейінде жарқырап жүрген талантты шәкірттерінің жетістіктері туралы мақтанышпен әңгімелеп берді. Спорт мектебіндегі 600-ге жуық жас спортшының білікті жаттықтырушылардың жетекшілігімен шыңдалып жатқан сәттерін білу үшін, сұхбатымызды оқыңыздар.
– Осы салада жүргеніңізге қанша уақыт болды? Неден бастадыңыз? Қай уақыттан бастап кірістіңіз?
– Спорт саласын 2006 жылы оқу бітіріп, Байзақ ауданы, Қостөбе ауылы мектебінде дене шынықтыру мұғалімі болып бастадым. Байзақ ауылында, Қостөбе ауылында бір жыл жұмыс істедім. Өзім еркін күрес спортынан разрядтар алғанмын. Кейін тәжірибе жинақтап, спорт мектебіне басшылық қызметке 2021 жылы тағайындалдым.
– Спорт мектебіне басшылық қызметке келгенде алдыңызда қандай мақсаттар болды?
– Мен 2021 жылы келгенде мектептің өзіндік ғимараты жоқ еді. Бұл, әрине, жұмысты қиындатты. Сондықтан басты мақсатым – спортшыларға лайықты орын табу болды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құжаттар жинау арқылы, көп еңбектің нәтижесінде ғимаратқа қол жеткіздік. Бұл жерге келгендегі ең үлкен мақсатым – ауыл спортының әлеуетін көтеру, жастарды бұқаралық спортқа тарту және олардың кәсіби тұрғыда дамуына жағдай жасау болды. Қазір мектебімізде алты спорт түрі дамытылуда: футбол, бокс, дзюдо, волейбол, грек-рим күресі.
– Бүгінгі таңда спорт мектебінің ахуалы қандай? Спорт базасы талапқа сай ма?
– Бүгінде спорт мектебінің ахуалы көңіл қуантады. Барлық базамыз талапқа сай қойылған. Бұл біздің оқушыларымыздың көңілінен шығады деп ойлаймын. Жаттығу процесін жақсарту үшін оқушылармен сауалнамалар уақытылы алынып отырады. Қазіргі таңда мектебімізде шамамен 600 оқушы тұрақты жаттығады. Нәтижелер де жаман емес. Мәселен, биылғы жылы 13-14 жас аралығындағы спортшыларымыз жағажай волейболы мен классикалық волейбол жарыстарынан жүлдемен оралды. Сонымен қатар, грек-рим күресінен де Қазақстан чемпионатынан жүлделі орынмен келген шәкірттеріміз бар.
– Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар? Қазіргі таңда қандай жарыстарға дайындалып жатырсыздар?
– Құдай қаласа, алда қалалық I чемпионат күтіп тұр. Қазіргі уақытта оқушыларымыз дзюдо спортымен белсенді айналысып, жақсы нәтиже көрсетуде. Жақында Павлодар қаласында өткен ірі жарыста біздің команда бірінші орынды иеленді. Бұл үлкен жетістік. Жеке есепте де бір оқушымыз финалға шығып, көзге түсті. Атап айтқанда, … есімді шәкіртіміз 38 килограмм салмақ дәрежесінде, яғни ең жеңіл жасөспірімдер арасында өнер көрсетті. Бұл жарыс 2013 жылғы балалар арасында өтті. Жас спортшылардың болашағынан үміт зор.
– Жалпы мектептегі спорт саласындағы негізгі мәселелер бар ма? Әсіресе, ауылдық жердегі спортты дамытуда қандай қиындықтар кездеседі?
– Шүкір, қазіргі таңда аса бір қиындықтар жоқ. Бәрі ойдағыдай. Ең бастысы, ата-аналардың да жағдайы жақсы, балаларын спортқа беруге ынталы. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Әрине, халықаралық жарыстарға, яғни шетелге шығу мәселесі әзірге қаржылық тұрғыда қиындау, бірақ облыс деңгейінде қолдау бар. Біз дайындығымызды мықтап жасап, облыстық спорт басқармасы тарапынан ұйымдастырылатын барлық жарыстарға белсенді қатысып келеміз.
– Болашаққа қандай үлкен жоспарларыңыз бар? Мектептің даму бағыты қандай болмақ?
– Алдағы уақытта оқушыларымызды Қазақстан және Азия чемпионаттары сияқты ауқымды жарыстарға дайындауды мақсат етіп отырмыз. Оқушылардың жетістігін арттыру үшін спорттық базаны одан әрі нығайту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, әр баланың жеке нәтижесін өлшейтін нақты көрсеткіштер, яғни рейтинг жүйесін енгізу жоспарымызда бар. Бұл олардың жеке қабілетін дамытып қана қоймай, жетістікке ұмтылуға деген ынтасын арттырады. Әрбір жас спортшы өзінің прогресін көріп отыруы керек.
– Қай спортшыларыңызбен ерекше мақтана аласыз? Атын атап өтсеңіз?
– Бізде дзюдодан Темірлан есімді оқушымыз бар. Ол үш жылдан бері осы спорт түрімен айналысып келеді. Биыл Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында екінші орын иеленді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, жағажай волейболынан да жақсы нәтиже көрсеткен бес-алты оқушымыз бар – олар да республикалық деңгейде екінші орын алды. Сондай-ақ, болашағынан зор үміт күттіретін, облыстық жастар құрамасына енген Рысбай Даниял есімді спортшымыз бар. Міне, осындай белсенді, табысты шәкірттерімізбен әрдайым мақтанамыз.
– Демек, мектепте балалардың спортпен шұғылдануына толық жағдай жасалған ғой?
– Иә, шүкір, бәрі ойдағыдай. Біз үшін басты мақсат – балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорт арқылы тек қана жеңіске емес, сонымен бірге тәрбиеге, тәртіпке жетуі. Әрбір шәкірттің жеке жетістігі – бұл бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
– Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызда табыс тілейміз!








