Мұны Ташкентте өтіп жатқан «Water week» форумында баяндама жасаған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
— Жақын арада өңіріміз үшін маңызды бірқатар іс-шара өтеді. 30 наурызда Астана қаласында Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының отырысы болады. Бұл — қордың қызметі мен бірлескен бағдарламаларды іске асыру бойынша негізгі шешімдер қабылданатын орган саналады. Онда өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған жоғары деңгейдегі бірқатар шешім қабылданады, — деді министр.
Сонымен қатар, 22 сәуірде елордада ұйымдастырылатын Өңірлік экологиялық саммит аясында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
— Кеңес қордың жоғарғы органы саналады және онда келешек өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалады. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының төрт шешімі, сондай-ақ Астана декларациясы қабылданбақ, — деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.








