Мал ұрлағаны үшін сотталды
Қордай аудандық сотымен адамдар тобымен алдын ала сөз байласып бөтеннің малы мен мүлкін бірнеше рет жасырын ұрлау бойынша (ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағы, 188-1бабы 3-бөлігі 1, 2-тармақтары) айыпталған М.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
І эпизод бойынша
М., Қордай ауданы Қайнар ауылында адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы бөтеннің үй –жайының ауласына заңсыз кіріп, жәбірленуші Б.-ның құны 270 000 теңге тұратын малын, яғни бұқашығын жасырын ұрлаған.
II және III эпизод бойынша
Сол сияқты, М. жәбірленуші О.-ның құны 800 000 теңге тұратын 1 биесін және жәбірленуші Т.-ның құны 700 000 теңге тұратын 1 биесін жасырын түрде ұрлап, материалдық залал келтірген.
ІV эпизод бойынша
М. алдыңғы жасаған қылмыстарымен тоқтамай, өзінің жазасыздығын сезініп, жеке пайдасы үшін қылмысты жалғастыру мақсатында «А» шаруа қожалығынан жалпы салмағы 362,85 кг. ұсақталған арпа жемін жасырын түрде ұрлап, 36 285 теңге мөлшерінде залал келтірген.
Тараптардың позициясы
Прокурор қылмыстың жиынтығы бойынша М.- ға 6 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушілер келтірілген залал толығымен өтелгеніне байланысты сотталушыдан бас бостандығынан айырмауды сұрады. М. кінәсін толық мойындады. Дәлелдемелер бойынша М-ның кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдермен, яғни сотталушының, жәбірленушінің, куәлардың айғақтары мен заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот шешімі
М.-ның жасаған әрекеті ауыр қылмыстарға жатады және оларды жасағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот, жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде М.-ның шын жүректен өкінуін, материалдық залалды өтеуін және соттылығының болмауын таныды.Сотпен ауырлататын мән- жайларды анықталған жоқ. Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, М.-ға түпкілікті 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: Қордай аудандық сотының баспасөз қызметі






