Өтетін күні мен уақыты: 5 желтоқсан 2025 жыл, сағат 10:00
Өтетін орны: Қазыбек би көшесі, 140 В,
«Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығы
Бұл шығармашылық байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, кітап оқу мәдениетін дамыту, ата-ана мен бала арасындағы байланысты тереңдету және көркем әдебиет арқылы отбасылардың шығармашылық қабілетін арттыру болды. Байқауға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесі, аналар алқасы, кітапханашылар және қатысушы отбасылар қатысты.
Байқау үш ай бұрын жарияланған болатын. Облыс бойынша 25 отбасы өтінім беріп, 100-ге жуық отбасы мүшелері, яғни ата-аналар мен балалары қатысты. Қатысушылар қатарында Тараз қаласының, Меркі, Жуалы, Байзақ, Шу аудандарының отбасылары болды. Байқау екі кезеңнен тұрды: негізгі және шешуші. Негізгі кезең екі шарттан тұрды: Бірінші шарт бойынша қатысушы отбасылар жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романын оқып, шығармадан алған әсерлері мен ой-толғамдарын бейнеролик түрінде дайындап, өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеді. Екінші шарттың негізінде қатысушы отбасылар жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Айқай» повесін оқып, шығармадан түйген ойларын эссе немесе сырласу хат түрінде жазып, орталыққа жіберді.
Алғашқы кезеңінің шарттары онлайн түрде өтіп, әділқазы алқалары қатысушы отбасылардың шығармашылық жұмыстарына баға берді. Нәтижесінде, шешуші кезеңге 10 отбасы жолдама алды. Финалға өткен 10 отбасы бүгін шешуші кезеңінің 3-ші шарты бойынша 2025 жылы мерейтойы аталып өтіп жатқан қазақ әдебиеті классиктерінің кез келген шығармасынан 3–5 минуттық көрініс дайындап келді. Бұл кезеңде отбасылар актерлік шеберлігін, шығарманы ашумағынасын сахналық қойылым арқылы көрсетті.
Байқаудың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі Есаман Хамит Ерболатұлықұттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау жұмыстарын бағалаған қазылар алқасы:
Байқаудың қорытынды кезеңінде жеңімпаздар анықталып, өз өнерлерін ортаға салған отбасылар арасында I орын, II орын және III орын иегерлері дипломдармен және қаржылай сыйақыларменмарапатталды. Сонымен бірге финалға өткен 5 отбасы арнайы бағалы сыйлықтарға ие болды.Қалған қатысушы отбасыларға жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 4 томдық жинағы сыйға берілді. Ал қатысушы отбасыларға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жұмысына қолдау көрсеткен жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды.
Бұл кештің тағы бір ерекшелігі – Жамбыл облысының жарқыраған отбасылық жұлдызды дуэті Мейіржан мен Нұргүл әуезді әндерімен көрермендердің жүрегін тербеп, көңіл-күй сыйлады. Ал қасиетті Құлан жерінен келген үлгілі әрі өнерлі Үмбеталиевтер отбасы әсем әндерімен кештің мәнін арттыра түсті. Орталықтың «Ерке сылқым» бишілер тобы орындаған әсерлі «Гүлдер» биі кештің ашылуына көркем реңк берсе, кештің рухани әуенін асқақтатқан «Ерке» өнер дамыту орталығының «Керуен» домбырашылар ансамбліболды.
Шығармашылық байқауға қатысушылар: Зиялы қауым өкілдері, Ардагерлер кеңесі, Аналар алқасы, кітапханашылар, өнер мен мәдениет саласының мамандары, қатысушы отбасылар мен жанкүйерлер, мектеп оқушылары және БАҚ өкілдері.





















