Бүгінде қоғамдық келісімді сақтау, жастар арасында достық пен толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, ортақ құндылықтарды дәріптеу – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі Тараз қаласында жүзеге асырылып келеді.
«Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы мекемесінің операторлығымен «ТAMYR – Тарих. Мәдениет. Рух.» атты ауқымды жобаны іске асыруда.
Жоба атауының өзінде үлкен мән жатыр. Өйткені тарихын таныған, мәдениетін құрметтеген, рухани құндылықтарын бағалаған ұрпақ қана ел бірлігінің тұғырын биіктете алады. Осы мақсат аясында 2026 жылдың маусым айында қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдени сабақтастықты дәріптеуге бағытталған екі маңызды шара – «DASTUR IQ» интеллектуалды квизі мен «Жыр алыбы – Жамбыл» поэзия кеші ұйымдастырылды.

2026 жылғы 17 маусымда Тараз қаласында өзге этнос өкілдері арасында «DASTUR IQ» атты интеллектуалды квиз-жарысы өтті. Зияткерлік сайыстың негізгі мақсаты – жастардың білімге деген қызығушылығын арттыру, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, қоғамдық келісім мен бірліктің маңызын түсіндіру болды.
Интеллектуалды додаға қалалық этномәдени бірлестіктер мен диаспора өкілдерінен құралған командалар қатысты. Қатысушылар тарих, мәдениет, әдебиет, салт-дәстүр, география, логика және жалпы білім бағыттары бойынша әзірленген сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сарапқа салды.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кезең сайын командалар тапқырлық танытып, логикалық тапсырмаларды орындауда шапшаңдық пен білімділіктерін көрсетті. Алайда бұл жарыстың басты мақсаты тек жеңімпазды анықтау емес, түрлі этнос жастарының бір алаңда бас қосып, өзара тәжірибе алмасуы мен достық байланысын нығайту еді.

Квиз барысында қатысушылар арасында өзара қолдау, ұйымшылдық және сыйластық атмосферасы қалыптасты. Жастар қоғамдық келісімнің мәнін терең түсініп, ел бірлігінің әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін сезінді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі орындар төмендегідей командаларға бұйырды:
І орын – «AJ» командасы (түрік/күрд диаспорасы);
ІІ орын – «ОйLAB» командасы (әзірбайжан/ұйғыр диаспорасы);
ІІІ орын – «САНА» командасы (татар/орыс диаспоралары).
Ал 2026 жылғы 23 маусымда ұлы ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері арасында «Жыр алыбы – Жамбыл» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.
Сөз өнерінің салмағын сезіндірген бұл рухани кештің басты мақсаты – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың бай мұрасын насихаттау, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру, өзге этнос өкілдерінің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген қызығушылығын күшейту және жастарды ұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеу болды.
Поэзия кешіне ұйғыр, түрік, қарашай, татар, өзбек және қазақ ұлты өкілдері қатысып, Жамбыл Жабаевтың шығармаларын мәнерлеп орындады. Әр қатысушы ақын мұрасының терең мазмұнын түсініп, оны көрерменге әсерлі жеткізуге талпынды.
Алеханова Мухаббат (ұйғыр этносының өкілі) ақынның қазақ қызының көркі мен ұлттық тәрбиені дәріптейтін «Бұрымға» өлеңін орындады.
Искендеров Нұрсұлтан (түрік этносының өкілі) халықтың рухани байлығы мен ұлттық мұрасын арқау еткен «Халық қазына» өлеңін оқыды.
Газаева Жасмина Руслановна (қарашай этносының өкілі) қазақ қыздарының тәрбиесі мен адамгершілік қасиеттерін дәріптейтін «Елімнің қыздарына» шығармасын мәнерлеп орындады.
Нуров Санджар (татар этносының өкілі) халықтың қайсар рухын, ел бірлігі мен ерлігін бейнелейтін «Ленинградтық өрендерім» өлеңін оқыды.
Караматуллаева Хадия Ергашовна (өзбек этносының өкілі) ақынның өмір жолы мен халқына деген сүйіспеншілігін суреттейтін «Менің өмірім» өлеңін орындады.
Қатысушылардың өнері қазылар алқасы тарапынан орындаушылық шеберлігі, сахна мәдениеті, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі және шығарманың мазмұнын жеткізе білу қабілеті бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесі қатысушыларға табысталды:
І орын – Алеханова Мухаббат (ұйғыр этносының өкілі), «Бұрымға» өлеңі;
ІІ орын – Газаева Жасмина Руслановна (қарашай этносының өкілі), «Елімнің қыздарына» өлеңі;
ІІІ орын – Караматуллаева Хадия Ергашовна (өзбек этносының өкілі), «Менің өмірім» өлеңі.

«ТAMYR – Тарих. Мәдениет. Рух.» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл екі шара – ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтудың, жастар арасында мемлекеттік тілге деген құрметті арттырудың және ортақ тарихи-мәдени құндылықтарды дәріптеудің жарқын көрінісі болды.
Екі мәдени-ағартушылық бастама түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырып, олардың арасында өзара түсіністік пен достық қарым-қатынастың нығаюына ықпал етті. Ұйғыр, түрік, қарашай, татар, өзбек, әзірбайжан, күрд, орыс және қазақ жастарының бір ортада бас қосуы – Қазақстандағы татулық пен келісімнің нақты көрінісі.
«Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің осындай бастамалары Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының операторлығымен жүзеге асырылып келеді.
Қоғамдық келісім – елдің ең қымбат қазынасы. Ал достық пен өзара құрмет – сол қазынаны сақтайтын алтын арқау. Бірлігі бекем елдің болашағы да баянды болмақ.
Әбдиев Еркін Қайырбекұлы
«Ақ Сұңқар» ЖҚБ нің,
«ТAMYR – Тарих. Мәдениет. Рух.» жобасы бойынша менеджері






