Қазақстан — көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Алайда, қазақ тілі әр қазақтың ар — ожданы, мақтанышына айналуы тиіс. Осы орайда Бауыржан Момышұлының «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту — бүкіл ата — бабамызды, тарихымызды ұмыту» — деген сөзін әрбір қазақ ұғынса, біздің тіліміздің жағдайы дәл қазіргі қалпынан әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді.
Мемлекеттік тіл — аса маңызды да ең өзекті мәселе, тіл — қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі болып табылады. Ол — ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу — өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгерері анық.
Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторлармен қатар, оның мемлекеттік тілі — қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда анық айқындалған. Елбасымыз да, «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде!»-деп қадап көрсетті.
Біз қандай жағдайда да, қай кезде де өзге тілдердің дамуына еш нұқсан келтірмей, оларға деген мемлекеттік қолдау — қамқорлық аясын тіпті де тарылтпай отырып, қалай дегенде де Қазақстан Республикасы мемлекетінің негізін құраушы, ел-жер иесі қазақ халқының ұлттық тілі — қазақ тілінің, мемлекеттік тілдің мүддесін мейлінше кең көздеуге маңыз береріміз белгілі. Қазақ тілінің өз мәртебесіне сай толыққанды қоғамдық қызмет атқаруы аса қанағаттанғысыз екенін жан-тәнімізбен түсіне отырып, бүгінде «Тіл туралы» Заңның жүзеге асу барысын талқылауда басты назарды мемлекеттік тіл тағдырына аударарымыз анық. Өйткені қазақ тілі әлемдік мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі ретінде тек қазақ топырағында ғана мемлекеттік мәртебені талап ете алады.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі — ұлттың тілі, діні, ділі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл. Ол — қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай. Тіл — ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі.
Ендеше, ешкімге ұқсамайтын, сөздік қорға бай, естір құлаққа әдемі, ең сұлу мемлкеттік тіліміз – қазақ тіліміздің үстемділігі арта берсін.
Тілдің тағдыры — баршамыздың қолымызда!
Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман сот отырысының хатшысы А.Қабдуллақызы