ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары палатаның жалпы отырысында қарап, «Еуразиялық экономикалық комиссияның және Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақ Сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру бөлігінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Заң жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстырды. Ол хаттамада Еуразиялық экономикалық одақтағы әлеуметтік кепілдіктер, артықшылықтар мен иммунитеттер туралы ереже деп аталатын 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 32-қосымшаға өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті.
Бұл өзгерістердің бастамашысы Одақ туралы шартқа 32-қосымшаның 53-тармағын Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында Ресей Тарапы болды:
— еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу үшін қажетті еңбек сіңірген мерзімінің өзгеруі. Мәселен, қазіргі уақытта Ресей заңнамасындағы өзгерістерге сәйкес, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау үшін мемлекеттік қызмет өтілінің талап етілетін ұзақтығы жыл сайын алты айға артады;
– Одақ органдарының лауазымды тұлғалары мен қызметкерлеріне-Ресей Федерациясының азаматтарына олардың Одақ органдарына қандай мемлекеттік қызмет түрінен келгендеріне байланысты кемсітуді болдырмау. Мысалы, қазіргі уақытта арнайы атақтары бар мамандандырылған органдардың (Ресей Федералдық кеден қызметі, Ресей ІІМ, Ресей ФҚҚ және т.б.) бұрынғы қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алу құқығын анықтау кезінде ЕЭК пен Одақ сотында жұмыс істеген кезеңдері есептелмейді.
«Хаттаманың күшіне енуі аталған адамдарға Ресей Федерациясында еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алуға құқығы бар азаматтардың басқа санаттарымен қатар Еуразиялық экономикалық комиссияда және Еуразиялық экономикалық одақтың Сотында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқықтарының іске асырылуы мен қорғалуын қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, бұл мәселе Ресей заңнамасының нормалары бойынша Ресей Федерациясы азаматтарының еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақымен қамтамасыз етуге ғана қатысты», – деді Тамара Дүйсенова.
Қазақстан БЭЖ мүшесі болып табылатынын, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың нысанасы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары болып табылатынын ескере отырып, Хаттама ратификациялауға жатады.
Заң жобасын іске асыру ҚР бюджетінен қаржы қаражатын талап етпейді, өйткені енгізілетін өзгерістер Қазақстан азаматтарының құқықтарын қозғамайды.
Қазіргі уақытта хаттама Армения, Беларусь және Қырғызстанда ратификацияланған. Ресей жақын арада қарауды аяқтайды.