Ағымдағы жылы 2 мамыр күні өңірде коронавирус ауруының үш жаңа жағдайы тіркелді.
Тараз қаласында екі дерек анықталды. Біреуі 1992 жылы туған жігіт болса, екіншісі 1962 жылы туған әйел. Олар бұған дейін ауырған науқастармен байланыс барысында инфекция жұқтырған.
Сондай-ақ, диагноз Шу ауданының 23 жастағы тұрғынынан да расталды. Ол алыс қашықтыққа қатынайтын жүргізуші болып жұмыс жасайды. Алгоритмге сәйкес мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде, «Қарасу» өткізу пунктінде одан аурудың бар-жоғын растайтын зертханалық зерттеу үшін талдау алынған.
Науқастар инфекциялық стационарға ауыстырылды. Байланыста болған адамдарды анықтау, олардан зертханалық талдау алу жұмыстары жүргізілуде. Ошақтарда дезинфекциялық өңдеу шаралары атқарылды.
Ағымдағы жылдың 3 мамырындағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 146 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында — 69, Байзақ ауданында – 7, Жамбыл ауданында — 5, Қордай ауданында — 37, Меркі ауданында — 3, Шу қаласында — 2, Мойынқұм ауданында – 1.
Сондай – ақ, Дели — Тараз рейсінен алты оқиға, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 16 оқиға анықталды.
Барлық аталған індетті жұқтырғандардың 48-і емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.






