Байзақ ауданында орын алған жарылыстың зардаптарын зерделеу үшін құрылған жұмыс топтары тексерулер жүргізіп, ақау ведомостарын әзірледі. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты. Аймақ басшысы мәлімдеген деректерге сүйенсек, төтенше жағдай салдарынан барлығы 176 жылжымайтын мүлік зардап шеккен. Оның ішінде 159-ы тұрғын үй болса, 12-сі коммерциялық нысан, 4-уі әлеуметік мекеме, 1-уі көлік инфрақұрылымы, яғни екі шақырымды құрайтын жол.
«Жарылыс кезінде 35 үй мен 12 коммерциялық ғимаратқа айтарлықтай залал келген. Бүгінде 12 мердігерлік ұйым қалпына келтіру жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 22 техника мен 200-ге тарта жұмысшы жұмылдырылды. 124 тұрғын үй аз мөлшерде зардап шеккен, әйнектері мен есіктері жартылай сынған, ішкі әрлеу бұзылған. Бұларды қалпына келтіру шаралары толық аяқталды», — деді өңір басшысы.
Бердібек Машбекұлы зардап шеккен 4 әлеуметтік нысанның бірі сейсмикалық қауіпті жағдайдағы Жібек жолы ауылында екенін айтты. Айтарлықтай зақымданған №5 орта мектептің орнына 150 орындық жаңа білім ошағы тұрғызылмақ. Бүгінде жер учаскесі анықталып, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді, мемлекеттік сараптама алынды. Ал қалған аз мөлшерде залал келген 3 ұйымды қалпына келтіру жұмыстары демеушілердің қаражаты есебінен жасалады.
«Жалпы, демеушілік қолдаулардың арқасында жиналған 4,8 млн теңге көлеміндегі қаражатқа 76 нысанды қалпына келтірдік. Айтарлықтай зардап шеккен нысандарды жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд теңге қаражат қаралды. Нақтылай айтқанда, Қайнар ауылындағы 1 тұрғын үйдің құрылысына — 11,4 млн теңге, осы ауылдағы 19 үйді, Жібек Жолындағы 12 үйді, Үшбұлақ ауылындағы 4 үйді жөндеуге 250 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жібек жолы ауылына жаңа мектеп тұрғызуға 729 млн. теңге бөлінсе, бүлінген жолды қайта төсеуге 35 млн теңгеден астам қаражат қаралмақ. Ал коммерциялық нысандардың құрылысына 170 млн. теңге жұмсалады», — деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Аймақ басшысы барлық қалпына келтіру жұмыстары 30 қазанға дейін аяқталатынын мәлімдеді. Ал жарылыс кезінде жарақат алған 87 әскери қызметшіге, төтенше жағдайлар департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне облыс әкімінің резервінен 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 292 мың теңгеге жуық материалдық көмек беріледі. Мұның жалпы сомасы 25,4 млн теңгені құрайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметі





