Оразкүл Асанғазы: «Отан – отбасынан басталады», — дейді. Әрбір отбасы мықты болса, кез келген мемлекет те осал болмасы анық. Мемлекеттің негізгі мақсаты – отбасының шаңырағын биік, керегесін кең, табалдырығын берік ету.
Тындырылатын барлық жұмыстар, экономикалық, саяси әлеуметтік жағдайлар отбасындағы әрбір азаматтың жағдайын жасауға ыңғайланады. Отбасы – шағын мемлекет. Мемлекет әрбір отбасынан құралады. Оның жауапкершілігі отбасының әрбір мүшесіне қатысты. Отбасының алға қойған мақсаттары орындалып, бақытты болуы үшін билік, қоғам, әрбір жеке адам бірігіп әрекет етуі керек.
«Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» деген сөз бар. Яғни, «Құда болғанша, құлы мен биін сұрас, құда болған соң, құл да болса сыйлас». Ертеден қазақ ұлы ер жеткенде текті жерден қыз алуға, қызы бойжеткенде текті жерге тұрмысқа шығуына қатты ойланған. Қоғамнан орын алып жүрген кейбір келеңсіз жағдайлар ата-ананың осы жауапкершілікті төмендетіп алғанынан туындайды. Әрбір ата-ана балаларына болашақтағы ең үлкен жауапкершілік отбасы екенін түсіндіруі тиіс. Олар өзіне өмірлік жар таңдауда асқан жауапкершілікпен қарауы керек.