– Бекарыс Жәнібекұлы, жуырда Саха Республикасында өткен халықаралық жобадан оралдыңыз. Әңгімемізді осы сапардың әсерінен бастасақ. Саха жұрты қазақ жырын қалай қабылдады?
– Саха жеріне сапар мен үшін жай ғана шығармашылық іссапар емес, түркі жұртының рухани тамырын тереңірек таныған тағылымды сапар болды. «Ысыах Олонхо» ұлттық мерекесі аясында өткен «Әлем халықтарының эпостары» халықаралық жобасына қатысу бақыты бұйырды. Бұл сапар Саха Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Ил Тумэн Мемлекеттік жиналысының бұрынғы төрағасы Александр Николаевич Жирковтың арнайы шақыртуымен жүзеге асты. Жобаға Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Башқұртстан, Алтай, Тыва және өзге де өңірлерден келген ғалымдар мен өнер иелері қатысты. Әр халық өзімен бірге ғасырлардың үнін, ата-бабасынан жеткен аманатын ала келді. Сонда анық аңғарғаным – эпос дегеніміз өткеннің естелігі ғана емес, халықтың жадын, дүниетанымын, мінезін сақтап тұрған рухани өзек екен. Тілі басқа болғанымен, жырдың өзегіндегі сағыныш, елдік, ерлік, ар-ождан туралы ұғымдардың бәрі бір-біріне соншалық жақын екенін көрдім. Осындай ортада қазақтың жыршылық дәстүрін таныстырудың жүгі жеңіл емес. Өйткені сен ол жерде өз атыңнан ғана сөйлемейсің. Домбыраның қос ішегіне ғасырлар бойы қатталған сазды, жыраулардың көмейінен жеткен аманатты жеткізуге тырысасың. Қазақ жырының табиғатын, оның мақамын, сөз кестесін, ішкі иірімдерін бөтен жұрттың жүрегіне жеткізе алу – кез келген өнерпаз үшін үлкен сын.
Мен үшін ерекше есте қалған сәттердің бірі – Саха Республикасының басшысы Айсен Сергеевич Николаевтың алдында жыр орындаған кезім. Сол уақытта «мен өнер көрсетіп тұрмын» деген ойдан гөрі, «қазақтың үні естіліп тұр» деген сезім басым болды. Өйткені дәстүрлі өнердің қасиеті де сонда. Орындаушы алмасады, бірақ халықтың үні жоғалмайды. Біз соның бір ғана жалғасы, бір ғана көпіріміз. Саха жұртының қабылдауы да көңілге жылу ұялатты. Олар сөздің мағынасына ғана емес, мақамына, орындау мәнеріне, жырдың тынысына ерекше ден қояды екен. Сол ықыластан өздерінің де эпикалық дәстүрге жақын халық екенін аңғардым. Бір-біріміздің тілімізді толық түсінбесек те, өнердің тілінде түсіністік болды. Бұл – жырдың аудармашысыз-ақ жүрекке жететін өнер екенін тағы бір дәлелдеді. Осындай кездесулердің ең үлкен мәні – халықтарды өнер арқылы жақындастыруында. Бүгінгі заманда рухани байланыс та дипломатияның бір тармағына айналды. Ал сол байланыстың алтын арқауы – дәстүрлі өнер. Егер біз жыршылық мектебімізді, күйімізді, әнімізді әлемдік мәдени кеңістікте лайықты дәрежеде таныта алсақ, онда қазақтың рухани болмысы да өз биігінен көріне береді. Мен осы сапардан сондай сеніммен оралдым.
– Халықаралық жоба тағы несімен ерекшеленді?
– Бұл жоба тек концерттік бағдарлама немесе өнер мерекесімен шектелген жоқ. Оның ең басты ерекшелігі – түбі бір халықтардың рухани жады мен мәдени сабақтастығын жаңа деңгейде жалғауға ұмтылғанында деп ойлаймын. Біз көбіне эпосты әдеби мұра ретінде қабылдаймыз. Ал шын мәнінде эпос – халықтың өмір салты, дүниетанымы, тарихы мен тағдырының көркем шежіресі. Сол себепті бұл жиында әр ел өз өнерін ғана емес, өз ұлтының рухани болмысын алып келді. Жоба аясында мен үшін айрықша мәні бар оқиғалардың бірі – «Қасиетті көлдер одағы» мәдени-рухани серіктестігі туралы келісімнің жасалуы болды. Бұл бастама түркі халықтарының эпикалық мұрасын бірлесіп зерттеуге, сақтауға және оны келер ұрпаққа аман жеткізуге бағытталған. Осындай игі істің бастауында Ресей Федерациясының халық әртісі Андрей Саввич Борисов тұр. Мұндай маңызды тарихи бастаманың куәсі болып, сол ортада жүрудің өзі адамға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Ал көңілге ерекше әсер қалдырған рәсім – «Қасиетті көлдер» атты рухани тағзым болды. Әр халық өзінің тарихымен, танымымен сабақтасып жатқан киелі көлінен су әкеліп, оны Саха жеріндегі қасиетті Сайсары көліне қосты. Қазақстан атынан Балқаштың суы апарылды. Сондай-ақ Қырғызстан Ыстықкөлдің, басқа да республикалар өздерінің қасиетті көлдерінің суын әкелді. Сырт көзге бұл жай ғана су қосу рәсімі болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында терең мағына жатыр. Су – тіршіліктің бастауы ғана емес, халық жадында тазалықтың, сабақтастықтың, бірліктің белгісі. Әр көлдің суы бір арнаға тоғысқанда, мен оны түбі бір жұрттың тарихы мен тағдырының, өткені мен бүгінің тоғысқанындай қабылдадым. Кейде көп сөз айта алмайтын ойды осындай бір ғана ишара жеткізіп тұрады. Осындай сәттерде түркі дүниесінің рухани кеңістігі шекарамен өлшенбейтінін анық сезінесің. Тілімізде айырмашылық болғанымен, жырымыздың өзегі, дүниені тануымыз, қасиетті ұғымдарға деген құрметіміз ортақ екені байқалады. Бұл жобаның құндылығы да – сол ортақ тамырды бүгінгі заманмен қайта жалғауында.
Сапар соңында Саха Республикасы Үкіметі төрағасының орынбасары Сергей Васильевич Местниковтың арнайы Алғыс хатымен марапатталдым. Әрине, мұндай құрмет көңілге қуаныш сыйлайды. Бірақ мен оны жеке басыма берілген марапат деп қабылдаған жоқпын. Бұл – қазақтың дәстүрлі жыршылық өнеріне, жыраулық мектебіне, домбыраның үніне көрсетілген ілтипат деп білемін. Өнер иесі үшін ең үлкен марапат – өзі орындаған мұраның өзге жұрттың жүрегіне жетуі. Ал сол құрмет қағазға да, халықтың ықыласына да айналып жатса, одан асқан қуаныш жоқ шығар.
– Әңгіме арнасын шығармашылығыңызға бұрсақ. Биылғы жыл өнер жолыңызда жемісті белестермен есте қалып отыр. Сол жетістіктерге кеңірек тоқталсаңыз.
– Иә, биылғы жыл шығармашылық жолымда айрықша із қалдырған, ойға тоқтарлық, көңілге медет болған жылдардың бірі болды. Өнер адамның маңдайына жазылған бақ болса, сол бақтың өтеуі — үздіксіз ізденіс, тынымсыз еңбек, аманатқа адалдық деп білемін. Себебі дәстүрлі өнердің жолы — жеңіл жол емес. Бұл жолда әр сахна — есеп беретін орын, әр жыр — халық алдындағы жауап. Биыл бірнеше мәрте республикалық деңгейдегі үлкен сахналарда өнер көрсету бақыты бұйырды. Соның ішінде сәуір айында Астана төріндегі «Қазақконцерт» сахнасында өткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жырау Алмас Алматовтың мерейтойлық шығармашылық кешіне қатысуымның орны бөлек. Алмас ағамыз қазақ жыраулық өнерінің көшін бастап келе жатқан, талай шәкірт тәрбиелеп, дәстүрлі жырдың тамырын тереңге тартқан тұлға. Осындай өнер иесінің мерейтойлық кешінде жыр айту – жай ғана сахнаға шығу емес, бірнеше ғасырдың үнін арқалаған өнердің алдында есеп беру секілді. Себебі жыршы сахнаға шыққанда өз атынан ғана сөйлемейді. Оның артында ұстаздың тәлімі, халықтың үміті, бабалардың аманаты тұрады.Қазақтың көрнекті жыр дүлдүлдерімен бір сахнада өнер көрсету мен үшін үлкен мектеп болды. Әрбір мақамнан, әрбір толғаудан халықтың тарихын, елдің мұңын, ердің арманын сезінесің. Осындай сәттерде дәстүрлі өнердің қадірі мен жауапкершілігі бұрынғыдан да терең сезіледі.
Мамыр айында Түркістан облысының Отырар ауданында өткен республикалық «Түркістан мақамдары» дәстүрлі ән орындаушылары байқауында І орынға ие болдым. Отырар – ұлы ойлар мен ұлағатты сөздердің ізі қалған қасиетті мекен. Сол топырақта өткен өнер бәйгесінде бағаланудың мен үшін орны ерекше. Өйткені мақам – жай әуез емес, ол халықтың жадында сақталған рухани өрнек. Әр мақамның бойында ғасырлардың үні, даланың тынысы бар.
Ал 5 маусым күні Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ұйымдастырған, Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған І республикалық «Төгейін жырды халқыма» жыршылар байқауында Бас жүлдені иелену – шығармашылық ғұмырымдағы ең айтулы белестердің бірі болды. Бұл байқаудың жөні бөлек. Себебі Жамбылдай жыр алыбының есімімен сабақтас, өз өңірімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл дода – дәстүрлі жыр өнерінің бүгінгі тынысын танытқан үлкен рухани оқиға болды. Жамбыл бабамыздың жырлары жаңғырған қасиетті өлкеде Бас жүлдеге ие болу – мен үшін абыройдан бұрын аманат. Өйткені Жамбылдың аты аталған жерде сөзге де, өнерге де талап биік болады. Жүлде — уақытша қуаныш. Ал өнер алдындағы міндет — мәңгілік. Әрбір жеңіс мені алға жетелейді, бірақ сонымен бірге мойныма артылған жауапкершілікті де сезіндіреді.
– Өнер жолында ұстаздың орны бөлек. Жыршылық мектептің қалыптасуы да тәлім мен тәжірибеден бастау алады. Сізге бағыт-бағдар берген ұстазыңыз, өнердегі жолыңызға ықпал еткен тұлға кім?
– Қай өнердің де тамыры тереңде, ал сол тамырдың нәр алатын арнасы — ұстаз тәрбиесі. Өнер жолына қадам басқан әрбір шәкірттің бойында ұстазынан алған тағылымы, көрген өнегесі, естіген ақылы қалыптасады. Менің жыршылық өнердегі жолымның қалыптасуына үлкен ықпал еткен ұстазым — белгілі жыршы-термеші, ұлттық өнердің жанашыры Ерболат Шалдыбеков. Ұстазымнан мен тек жырдың мақамын, орындау тәсілін ғана үйренген жоқпын. Ол кісіден сөздің қадірін, жырдың табиғатын, сахна мәдениетін, тыңдарманмен тіл табысудың сырын, ең бастысы – өнерге адал болудың жолын үйрендім. Себебі жыршы үшін дауыс пен мақамнан бөлек, ішкі мәдениет, терең таным, сөзге деген жауапкершілік аса маңызды. Ұстазым осыны үнемі айтып, әрбір орындаған жырымның астарына үңілуге, әр сөздің салмағын сезінуге баулыды.
Мамыр айында Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай ұйымдастырған «Жыр жауһарларын жаңғыртқан өнер иесі» атты рухани кездесуінде ұстазым Ерболат Шалдыбековпен қайта жүздесіп, өнер төңірегінде ой бөлісудің сәті түсті. Бұл кездесу мен үшін ерекше әсерлі болды. Себебі кезінде шәкірт ретінде алдынан өтіп, тәлім алған азаматтың бүгінде еңбегіңе қарап, өз жолыңды қалыптастырып келе жатқан маман ретінде бағалауы – үлкен қуаныш әрі жауапкершілік. Ұстазымның «Туған жерге қызмет ет» деген сөзі мен үшін әрдайым бағыт-бағдар болып келеді. Адам қай жерде жүрсе де, кіндік қаны тамған жерінің алдында перзенттік парызы бар. Бүгінде өзім өсіп-өнген өлкеде еңбек етіп, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге үлес қосып жүргеніме ұстазымның ризашылығын білдіруі – мен үшін үлкен қолдау болды. Ары қарай да ұстаздарымыздың ақ батасын алып, жерге қаратпаймыз деген сенімдемін.
– Дәстүрлі өнердің үні бүгінгі ақпарат кеңістігі арқылы да кең тарауда. Тележобалардағы жолыңыз бен осы бағыттағы ізденістеріңіз қалай өрбуде?
– Иә, расында қай бағытта болмасын, ақпараттық кеңістікте белсенді болу – бүгінгі заманның басты талаптарының біріне айналды. Осы бағытта дәстүрлі өнердің үнін көпшілікке жеткізу бағытындағы жұмыстардың алғашқы қадамдарын бастап кеттік. Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйытқы болуымен «Жыр жауһары» бағдарламасы көрерменге жол тартты. Қазіргі таңда Сауытбектің «Ақбөпе» дастаны, «Жамбылдың Алғадайды жоқтауы», Кенен Әзірбаевтың «Мәскеуде адасқанда» жыры, сондай-ақ талантты әнші, композитор Әбиірбек Тінәлиев ағамыздың «Ауылым» әніне арнайы түсірілген шығарылымдар көпшілік назарына ұсынылды. Алдағы уақытта «Байзақ датқа» жырын ұсынамыз. Бұл шығармаға түсірілім жұмыстары Байзақ ауданында жүзеге асты.
Бағдарламаның ерекшелігі — қазақтың жыр-дастандары арқылы Жамбыл өңірінің сұлу табиғатын, туған жердің көркем келбетін көрсету. Осы арқылы өнер мен туризмнің өзара сабақтастығын танытуды мақсат еттік. Осы идеямен үндес – Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қолдауымен жүзеге асып жатқан «SAZ-MURA» жобасы. Жоба аясында замандасым, талантты өнерпаз Дамир Рахимбердиев дәстүрлі әндерді жаңа форматта дәріптеуге үлес қосуда. Алдағы уақытта филармониядағы үзеңгілес әріптесіміз, дәстүрлі әнші Ернұр Абухастың да жобаға қосылуы жоспарланып отыр.
Биыл ақпараттық кеңістікте жүзеге асқан тағы бір маңызды жоба – «Аbai ТV» арнасының «Қосалқа» бағдарламасы. Аталған бағдарламада Жетісу жыршылық мектебінің ерекшеліктері туралы әңгімеледім. Сондай-ақ Астана қаласында өткен «Төгейін жырды халқыма» тележобасына қатысып, ұлттық өнерді көпшілікке насихаттауға мүмкіндік туды. Телевизия мен цифрлық платформалар – дәстүрлі өнерді кең аудиторияға жеткізудің тиімді жолдарының бірі. Сондықтан ұлттық өнердің үнін ақпараттық кеңістікте де үздіксіз жаңғыртып, көпшілікке барынша кеңінен насихаттауға күш салып келеміз.
– Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай?
– Алдағы мақсатым — қазақтың жыршылық дәстүрін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жұмысын жалғастыру. Өйткені, қазақтың қасиетті жыры әлем сахнасында шырқалуы тиіс. Сонымен бірге, қазақтың дәстүрлі ән, жыршылық өнер бағытында ғылыми мақалалар жазу, замандастарыммен тәжірибе бөлісу, халықаралық фестивальдер мен мәдени жобаларға қатысу – шығармашылық жоспарларымның негізгі бағыты. Осыған дейін де мұндай мүмкіндіктерге ие болып, қазақ өнерін шетелдік сахналарда таныстырудың сәті түсті. Бұл жолда үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының басшылығына шынайы алғысымды білдіремін.
Біз әлі жаспыз. Сондықтан үйренеріміз де, ізденеріміз де көп. Ең бастысы – халқымыздың рухани мұрасын лайықты деңгейде насихаттап, ел мәдениетінің өркендеуіне өз үлесімізді қоса алсақ деймін. Елімізге береріміз әлі алда деп сенемін. Алдағы уақытта да осы қарқыннан жаңылмай, ұлттық өнердің абыройын асқақтатып, туған жердің мерейін үстем ету жолында аянбай еңбек ете беремін. Қазақтың қасиетті жыры әлемнің ең беделді сахналарында шырқалып, халқымыздың бай рухани мұрасы жаһан жұртшылығына кеңінен таныла берсе – мен үшін одан асқан мәртебе жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Ғалия АБЫЛАЙ






