Жамбыл облысында мәдениет саласының инфрақұрылымын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, соңғы 7 жылда өңірде 45 мәдени нысан бой көтерген. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға 6 млрд теңге қарастырылған. Бөлінген қаржы есебінен 9 нысан салу көзделсе, оның 5-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
Өңірдегі мәдени кеңістіктердің қатарында Тараз қаласындағы «Көне Тараз» кешенінің орны ерекше. Тарих пен руханиятты тоғыстырған орталықта Тарихи-өлкетану музейі, Көркем сурет галереясы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғимараты, туристік ақпараттық орталық орналасқан. Сонымен бірге мұнда тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы жұмыс істейді.
Аталған нысандар 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 3 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған ғимараттар мәдени мұраны сақтау, зерделеу және насихаттау ісіне қызмет етіп келеді. Бұған дейін бірнеше жыл бойы мекеме қызметкерлері Тараз қаласындағы бос тұрған әкімшілік ғимараттарды паналап, әр жерде орналасуға мәжбүр болған.
– Мемлекет басшысының Үкіметке берген тапсырмасы бар. Рухани, мәдени тынығатын, жайлы, қауіпсіз ғимараттар болу керек деген. 2004 жылы құрылған мекеме болатын болсақ, 2004 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта осы Тараз қаласындағы әкімшілік бос тұрған ғимараттарда көшіп қонып жүрген болатынбыз. Ал қазір нөмірленген мекеме, ғимаратта орналасып отырмыз, – деді Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиұлы.
Мәдениет саласын дамытуда жаңа нысандар салумен қатар, қолданыстағы ғимараттарды жаңарту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Осы ретте өңірде алдағы жылдарға арналған жоспарлар әзірленіп, мәдени инфрақұрылымға деген қажеттілік сараланған. Атап айтқанда, 2026–2030 жылдарға арналған Өңірлік стандарттау жүйесінде облысқа қажетті мәдени нысандардың көлемі айқындалған. Құжатқа сәйкес, 34 жаңа нысан салу және 28 мәдени мекемеге күрделі жөндеу жүргізу қажет.
Бұдан бөлек, Жамбыл облысының 2026–2031 жылдарға арналған даму жоспары аясында тағы 19 мәдени нысанның құрылысын жүргізу көзделген. Бұл бастамалар елді мекендердегі мәдени қызметтің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың рухани демалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
– Сонымен қатар бізде 2026-2030 жылдарға арналған Өңірлік стандарттау жүйесі бар. Бұл жерде жалпы облыс бойынша қажетті мәдени нысандардың көлемі бар. Бізге ол жерден 34 жаңа нысанның қажеттілігі, 28 мәдени нысанның күрделі жөндеу қажеттілігі бар. Сонымен қатар Жамбыл облысының 2026-31 жылдарға арналған даму жоспары. Бұл жерде біз жаңадан 19 мәдени нысанын салуды жоспарлап отырмыз, – деді Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Рахат Асылбеков.
Қазіргі уақытта облыс орталығында мәдени-танымдық бағыттағы тағы бір нысанның құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда, 811 млн теңге бөлінген «Этноауыл» кешені салынуда. Жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, салт-дәстүрді насихаттауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға үлес қосады деп күтілуде.
Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында 507 мәдени мекеме жұмыс істейді. Оның 16-сы облыстық басқармаға қараса, 491 мекеме қала және аудан әкімдіктерінің қарамағында. Бұл мәдениет саласындағы жұмыстың ауқымын көрсетеді. Алдағы кезеңде жоспарланған құрылыс және жөндеу жобаларының жүзеге асуы тұрғындардың мәдени қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, өңірдің рухани өмірін жандандыруға мүмкіндік береді.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды





