Тәуелсіздік! Иә, кеудеңді көтеріп, мақтанышпен тілге тиек ететін қасиетті ұғым. Жәй ғана тіркес емес, аса қадірлі, халық аңсаған арманының орындалғаны туралы сыр шертетін «батыл» сөз. Тәуелсіздік дегенде көңіліміз қуаныш бесігінде тербелгенімен, ойымызға ауыр оқиғалардың оралатыны бар. Өйткені, төгілген қан, қиылған жан, тапталған арды егемендік жолында садақа еткен 1986 жылдың ызғарлы желтоқсаны иісі қазақтың сыр сындағында мәңгілік сақталады.
Кеше аудан әкімі Сәкен Арубаев ауданымызда есімдері мақтанышпен айтылатын Исмаил Ходжимурат, Назира Кеңесбаева, Мейрамкүл Айнабекова, Нүрила Муражанова, Қарлығаш Күзекова, Шолпан Сейдуалиева, Есенбек Әміртаев, Жамиля Дартаева, Жомарт Телеуов, Әшім Әбдіғапаров, Сәкен Мырзабай, Кенжебай Пшанов сынды Желтоқсан куәгерлерін қабылдап, емен-жарқын әңгімелесіп, сый-құрмет көрсетті.
– Тәуелсіздіктің ақ таңы қалай атқанын біз емес, мына сіздер жақсы білесіздер. Тәңірдің берген тәтті сыйын алғаш дәм татқан сіздер. Арманын аласапыран етіп, көлеңкелі саясаттың құрбаны болған қыршыңнан қиылған азаматтардың есімі уақыт өткен сайын жаңарып, ерліктері жария етіле бермек. Сіздерге құрмет көрсету – мен үшін үлкен мәртебе. Әсіресе, қалың халықтың арасынан төбе көрсеткен қаракөздердің батылдығына, елжандылығына бас ұрамын. Сіздерді келе жатқан ұлық мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға саулық, бақ-береке, амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, жүздеріңізден күлкі кетпесін, – деді Сәкен Қаланұлы.
Аудан басшысының сөзін жалғаған аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев ел тарихына елеулі өзгеріс әкелген оғландарымыздың ерең ерлігін, қайсарлығын айтып, ыстық ықыласын арнады.
Мұнан соң «Жамбыл облысы Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Исмаил Ходжимуратұлы сөз алып, қоғамдық жұмыстар мен қайырлы амалға атсалысып жүрген желтоқсандықтардың жұмысын баян етіп, бірлестіктің Алғыс хатын Жомарт Тешебайұлына салтанатты жағдайда табыс етті.
Өз кезегінде құрметке бөленген азаматтар елеп-ескерген аудан басшыларына ризашылығын білдірді.
Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахыт Сырлыбаев қатысып отырды.
Жамбыл ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі






