Талап қоюшы А. Тараз қалалық сотына жауапкер Ж.-дан 3 360 000 теңге қарызды өндіру туралы талап қоюмен жүгініп, онда жауапкер Ж.-ның 2018 жылдың мамыр айында 3 360 000 теңге қарыз алып, аталған қарыз ақшаны осы уақытқа дейін қайтарып бермегендігін көрсеткен.
Судья-татуластырушы, тараптарға медиацияның ерекшеліктері туралы түсіндіргеннен кейін, тараптармен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім сотқа ұсынылды.
Келісім шарттары бойынша: жауапкер Ж. талап қоюшы А.-ның пайдасына 3 360 000 теңге қарыз сомасын 2022 жылдың маусым айының 30-на дейін төлеуге міндеттенді. Талап қоюшы А. өз талабынан бас тартты.
Судья тараптардың дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімін бекітіп, іс жүргізуді тоқтатты.
Сот ұйғармы заңды күшіне енген жоқ.
Дәл сол сияқты, Тұрар Рысқұлов аудандық сотымен қарыз өндіру туралы дау медиация тәртібімен шешілді.
Талап қоюшы «Банк» АҚ жауапкер Н.-дан 709422 теңге қарыз сомасын өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. 2019 жылы АҚ-мен шарт жасаған жауапкер 2020 жылдың 10 сәуірінде қайтыс болған. Марқұмның мұрагері жұбайы Н. күйеуі қайтыс болғаннан кейін мұраны қабылдаған.
Талап арыз сот өндірісіне қабылданғанға дейін судья медиатордың қатысуымен сот талқылауы үшін көзделген мерзімде тараптар сотқа дейінгі хаттаманы ұсына отырып, медиациялық келісімге келді.
Медиациялық келісімнің шарттары бойынша жауапкер Н. талап қоюшының пайдасына 709422 теңгені 2025 жылдың мамыр айына дейін бекітілген кестеге сәйкес төлеуге міндеттенді.
Сот медиациялық келісімді бекітіп, талап қоюшыға 21 283 теңге мемлекеттік баж сомасын қайтарды.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.
Дереккөз: Жамбыл облыстық соты