«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі, тіпті, артық. Әсіресе, медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол, жауапты да қиын мамандық иесі дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді.
Бүкіл саналы ғұмырын медицинаға арнаған ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, медицина саласының ардагері, жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Нью-Йорк Ғылым академиясының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Сағындық Ордабеков адал еңбегімен абырой тұғырына көтеріліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қараған алтын қолды дәрігер. Өз ісіне шын берілген маман әлі де саладан қол үзбей, зейнетке шықса да, облыстық көп бейінді ауруханасының хирургі ретінде адал қызмет етіп келеді.
Ерінбей еңбек етіп, өзіне де, еліне де зор пайдасын тигізген ақ халатты абзал жан – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген елдің құрметті атағы қасиетті ұғым болып саналады. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. «Денсаулық – басты байлық» ұстанымын жүрегіне бекітіп, емдеу саласында жемісті еңбек еткен дәрігер-хирургты абыройлы жан десек артық айтқандық емес.
Сағындық Ордабеков 1950 жылы туған, Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Үшбас ауылында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін қазіргі Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті 1975 жылы тәмамдаған.
Еңбек жолын 1975 жылы Жамбыл облыстық ауруханасында дәрігер- хирург ретінде бастайды. 1987 жылы Жамбыл қалалық медицина жедел- жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, 20 жылға жуық Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі қызметін атқарды. 1987 жылы Мәскеу қаласында тәжірибеден өте жүріп, «Эхинококкоз печени и его хирургическое лечение» атты тақырыпта кандидаттық дисертациясын, ал 1997 жылы А.Н.Сызғанов атындағы ғылыми хирургиялық орталығында «Хирургическое лечение осложненного эхинококкоза органов брюшной полости» атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап шыққан.
1988 жылы Тараз қаласында эхинококкоз ауруын зерттейтін республикалық ғылыми орталық ашты. 1998 жылдан бастап Тараз мемлекеттік М.Х.Дулати атындағы университетінің биология кафедрасының және 2007 жылдан бастап Қазақ Ұлттық С.Асфендияров атындағы медициналық университеттің интернатура кафедрасының профессоры қызметін негізгі жұмысымен қатар алып жүрді.
Сағындық Ордабекұлының 350-ден астам ғылыми-практикалық жұмыстары журналдар мен жинақтарға енді. 7 монография, 8 оқулық, 3 ғылыми, 4 көркемдік кітап, медицина саласында ашқан жаңалығы үшін 4 авторлық құқық, рационализаторлық ұсыныс үшін 12 куәлік шығарылды. Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы хирургия саласының дамуына үлкен үлес қосып, жас хирург мамандарды даярлап шығарды. Оның жетекшілігімен 5 кандидаттық, 14 магистрлік диссертациялары қорғалды.
Сағындық Ордабеков өңірдегі денсаулық сақтау саласында шаршап- шалдықпай адал еңбек еткен абыройлы жан, мерейлі отбасының басшысы. Адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленген берекелі де бақытты Ордабековтар бүгінде мерейлі әулетке айналған. Мамандығын — мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ.
Фота интернеттен алынды https://images.app.goo.gl/ymV9vEcgr71ta43MA
Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі