ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Әрбір ауылдың байлығы — оның халқы, тарихы мен салт-дәстүрі. Қарасу мен Өтеген — тұрғындарының адал еңбегімен көркейіп, болашағы қалыптасып келе жатқан туған жеріміз.
Біздің ортақ мақсатымыз — ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау: жолдарды жақсарту, көшелерді абаттандыру, әлеуметтік саланы дамыту және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашу.
Көптеген мәселені шешу уақыт пен бірлескен еңбекті қажет ететінін түсінемін. Депутаттық өкілеттігім аясында тұрғындардың мүддесін қорғап, өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына бар күшімді саламын.
Мен үшін бастысы — құр сөз емес, нақты іс пен нәтиже. Бірлігіміздің арқасында ауылдарымызды бүгінгі және келешек ұрпақ үшін одан әрі көркейте аламыз!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Әр Мен үшін әрбір тұрғынның пікірі маңызды, әр ауылдың мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Жұмысымның басты қағидалары — әділдік, жауапкершілік, адамға құрмет және өз міндетіме адалдық.
Халықпен ашық байланыс орнату — нәтижелі жұмыстың негізі. Сондықтан сіздердің өтініштеріңізді, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізді тыңдауға, өзекті мәселелерге назар аударып, олардың шешілуіне ықпал етуге әрдайым дайынмын.
Сіздердің сенімдеріңіз — үлкен жауапкершілік. Сол сенімді нақты іспен ақтау — менің басты міндетім!
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Мен, Сатышев Алмат Бейсенұлы, Қордай ауданы, Қордай ауылдық округіне қарасты Қордай ауылында дүниеге келдім. Қазіргі уақытта осы ауылда тұрамын. Білімім – жоғары, Қаржы полициясы академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым.
Еңбек жолымды 2009 жылы Жамбыл облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінде тергеуші болып бастадым. 2013 жылдан бастап «Ынтымақ» шаруа қожалығының басшысы қызметін атқарып келемін.
Қызметімнің негізгі бағыты – ауыл шаруашылығын дамыту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту және жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлемін.
Сонымен қатар, түрлі этнос өкілдері арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысамын. Өйткені қоғамдағы тұрақтылық пен өзара сыйластық – өңірдің дамуы мен берекелі өмірінің маңызды негізі деп санаймын.
Шаруашылық саласындағы көпжылдық тәжірибем мен заңгерлік білімім ауыл еңбеккерлерінің, кәсіпкерлердің және тұрғындардың күнделікті мәселелерін жақсы түсінуге мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешу, еңбек адамдарының мүддесін қорғау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мен үшін маңызды міндеттердің бірі.
Елді мекендерді абаттандыру, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне бағытталған бастамаларды қолдаймын. Әрбір ауылдың дамуына жағдай жасалып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруы тиіс деп есептеймін.
Басты мақсатым – ауылдың дамуына үлес қосу, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге атсалысу және туған өлкенің өркендеуі жолында аянбай еңбек ету.
Құрметпен, Алмат Сатышев
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: А. Сатышев
№7 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







