Тараз қаласының №2 соты аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету бойынша бес адамға қатысты үкім шығарды. Сот шешімімен мемлекет пайдасына 188,7 миллион теңге өндіру көзделген, деп хабарлайды TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі.
2026 жылғы 6 қарашада судья Б. Төребекұлының төрағалығымен қаралған қылмыстық іс бойынша Шымкент қаласының екі басқарма басшысы және тағы үш тұлға кінәлі деп танылды.
Кімдер қанша жылға сотталды?
Сот үкіміне сәйкес:
- Арман Абдешов – Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы – 8 жылға;
- Алмасбек Бобеев – 7 жыл 6 айға;
- Нұрбол Жунусбеков – Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы – 7 жылға;
- Нұрбол Нуртаев – «АТС ГРАД» ЖШС директоры – 8 жылға;
- Қасиет Ташимбетов – «Archbuild Group» ЖШС директоры – 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Абдешов, Бобеев және Жунусбеков мемлекеттік қызметте және заңда көрсетілген бірқатар ұйымдарда тиісті лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Ал, Нуртаев пен Ташимбетовке қала құрылысы, бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарлау бағыттарындағы тиісті мемлекеттік сатып алуларға қатысуға бес жыл мерзімге тыйым салынды.
Бес сотталған да жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтейтін болады.
Нуртаев айыптаудың бір бөлігі бойынша ақталды
Сот Нұрбол Нуртаевты Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша Шымкент пен Алматы қалаларындағы пәтерлер мен автотұрақтарды сатып алуға қатысты айыптау бөлігінде қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауына байланысты ақтады.
Алайда, ол Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 218-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Түпкілікті жаза ретінде 8 жылға бас бостандығынан айыру және қылмыстық жолмен алынған табысқа сатып алынған мүлкін тәркілеу белгіленді.
Тараз қаласы әкімдігінің 188,7 миллион теңгелік талабы қанағаттандырылды
Сот Тараз қаласы әкімдігінің мемлекет пайдасына материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талабын толық қанағаттандырды.
Үкімге сәйкес:
- Алмасбек Бобеев пен Нұрбол Нуртаевтан ортақ тәртіппен 40 420 778 теңге;
- Арман Абдешов пен Нұрбол Нуртаевтан ортақ тәртіппен 148 300 205 теңге өндірілуге тиіс.
Жалпы өндірілетін материалдық залал көлемі – 188 720 983 теңге.
126 миллион теңгеден астам қаражат арнайы сақтау ұяшығында қалады
Сот Нұрбол Нуртаевтың үйінен тінту барысында алынған 126 205 000 теңге мен 2 005 АҚШ долларын азаматтық талап толық орындалғанға дейін арнайы банктік сақтау ұяшығында қалдыру туралы шешім қабылдады.
Сондай-ақ 2018 жылы шығарылған Lexus LX 570 автокөлігін мемлекет пайдасына тәркілеу белгіленді.
Нуртаевтың мүлкіне салынған тыйым материалдық залалды өндіру туралы азаматтық талап орындалғанға дейін сақталады.
Екі адам сот залында қамауға алынды
Бұған дейін үйқамақта болған Алмасбек Бобеев пен Қасиет Ташимбетовке қатысты бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар сот залында қамауға алынды.
Қалған үш тұлғаға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы сақталды.
Үкімге наразы тараптар заңда белгіленген 15 тәулік ішінде Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым түсіруге құқылы.
Үкімнің заңды күшіне енген жоқ.







