Мәжіліс депутаттары Жуалыға жұмыс сапарымен келді
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Бақытжан Ертаев пен Сапархан Кесікбайұлы Омаров Жуалы ауданына жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулыларын Жуалы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Абдікерім Үркімбаев шекаралас аймақтан күтіп алып, аудандағы бірнеше ірі өндірістік және әлеуметтік орындармен таныстырды.
Депутаттар ең алдымен күн көзінен қуат алатын «Бурное Солар-1» станциясында болды. Онда олар станция жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Жобаға салынған жалпы инвестиция құны 122 млн. АҚШ долларын құрайды. Орталық Азиядағы ең ірі станция құрылысын «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС-і британдық UG Energy Limited компаниясымен бірге жүргізген.
Сапар барысында депутаттар «Гамбург» шаруа қожалығының өндіріс жұмысымен танысты. Депутаттарға «Гамбург» ЖШС директоры Е.Кохтың мәлімдеуінше, шаруа қожалығының қарамағында 2500 га жер бар, мұнда ірі қара мал жайылып, жемшөп дақылдары өсіріледі. Шаруашылық күн сайын 10 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар, республиканың өзге де өңірлерінен нарыққа жоғарғы сапалы ет-сүт өнімдері жеткізіп отырады. Депутаттардың келуіне орай серіктестік директоры өз ұсынысын жеткізді. Оның айтуынша мемлекетт тарапынан қабылданған бағдарламалардың ережелері жыл сайын өзгереді екен. Мысалы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының ережесі 2017 жылы өзгертілген. Ол өзінің шаруашылығын кеңейту мақсатында 800 бас ірі қара малға арналған кешенді соғуға ниет білдіріп, 2016 жылы бизнес-жоспар жасап бекітіп, биылғы жылы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен, алайда 2017 жылы өзгертілген жаңа ережеде құрылысқа мемлекет тарапынан субсидия берілмейтін болып шыққан. Ақырында біз шаруалар зардап шегіп отырмыз, — деді. Халық қалаулылары оның ұсынысын жазып алып, бұл мәселенің шешу жолдарын қарастырамыз деді.
Содан кейін депутаттар аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберіс беткейде орналасқан «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясында болды. Аллея – аудан жұртшылығына тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай пайдалануға берілген. Бұл нысан сәулеттік құрылымы тұрғысынан басқа мәдени-демалыс орындарына ұқсамайды. Аллеяға бастар баспалдақтың қақ ортасына алып кітап бейнесі орнатылған. Оның оң жақ бетіне Тәуелсіздіктің 25 жылдығының кескіндемесі, сол жақ бетінде «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» деген жазу бар. Одан жоғарыда төрт тақта орналасқан. Онда өскелең ұрпақ өнеге тұтар нақыл сөздер, ал мәрмәр тақтаға 1992 жылдан бастап «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған азаматтардың есімдері қашап жазылған. Ондағы 148 азаматтың әрқайсысы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуымен ерекшеленеді.
Одан соң депутаттар аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясында» болды. Бүгінде аталған кәсіпорын күніне 25 тонна сүт қабылдап, одан ірімшіктің бірнеше түрін, сүт, тағы басқа өнімдер өндіреді. Мұндағы жұмыстың барысын компания директоры Әбдібек Пошқаев кеңінен тарқатып айтты. Мәжіліс депутаттары кәсіпорынның жұмысына оң баға берді.
Содан соң, «Агроазық-түлікнанменжабдықтау» ЖШС жұмысымен танысып, Б.Момышұыл ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жуалы ауданы Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туған жері екені белгілі. Осы орайда Б.Ертаев пен С.Омаров Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне де арнайы барды. Музейдің ғылыми қызметкері Ұлханым Исмаилова жәдігерлермен таныстырып, батырдың өмірінен тың мағлұматтар берді.
Жуалылық кәсіпкерлердің нәтижелі еңбегін лайықты бағалап, ұсыныстарын тыңдаған депутаттар Тараз қаласына аттанып кетті.