Тұрар Рысқұлов аудандық мәслихатының депутаттығына №14 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша кандидат Сұлукүл Дәлібаева ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытындағы ұсыныстарын жариялады.
Ветеринария саласының маманы әрі «Аққайнар» шаруа қожалығының басшысы Сұлукүл Дәлібаева аудандық Іскер әйелдер қауымдастығын басқарады. Қоғамдық қызметінде әйелдердің белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту бағыттарымен айналысады.
Сайлауалды бағдарламаның бес негізгі бағыты
1. Көлік инфрақұрылымы. Елді мекендер арасындағы жол қатынасын жақсарту және қоғамдық көліктің тұрақты жүруіне жәрдемдесу.
2. Ауыл кәсіпкерлігі. Жеңілдетілген несиелердің қолжетімділігін арттыру, отбасылық бизнесті және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуға қолдау көрсету.
3. Ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту. Ветеринариялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету.
4. Денсаулық сақтау. Аудандық аурухананың жабдықталуын жақсарту, бейінді дәрігерлерді тарту және шалғай ауылдардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.
5. Экология және абаттандыру. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында ауыл көшелерін абаттандыру, қалдықтарды жинау мен шығару жүйесін жетілдіру, елді мекендерді көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктер құру.
Кандидат оқушылардың сапалы білім алуына, ауыл жастарының кәсіпкерлікпен айналысуына және тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал етуді көздейтінін өз бағдарламасында атап өткен.
Аталған ұсыныстар Сұлукүл Дәлібаеваның сайлауалды бағдарламасы негізінде беріліп отыр.






