ҚАДІРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Мен үшін депутаттық қызмет — атақ та, мансап та емес. Бұл — халықтың сенімін арқалау, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдау және ортақ мәселелердің шешілуіне үлес қосу. Екі шақырылымдық депутаттық тәжірибем маған халықпен тұрақты байланыста болудың, әрбір ұсынысқа мұқият қараудың және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылаудың маңызын көрсетті. Мен бос уәде беруден гөрі, нақты мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне табандылықпен атсалысуды маңызды санаймын. Менің мақсатым – Отар ауылының инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, балаларымыздың болашағына және ауылдың тұрақты дамуына үлес қосу. Халықпен бірге — нақты іске! Туған жердің игілігі үшін — адал еңбек! Сенімдеріңізді жауапкершілікпен ақтауға дайынмын!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Менің басты ұстанымым — халықпен бірге болу, тұрғындардың талап-тілегін тыңдау және олардың өзекті мәселелерінің шешілуіне нақты ықпал ету. Депутаттық қызметті тек өкілдік міндет емес, ел алдындағы жауапкершілік деп түсінемін. Сайлауалды бағдарламамның негізгі мақсаты — Отар ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауылдың келешек ұрпағы үшін қолайлы жағдай қалыптастыру.
ҚҰРМЕТТІ САЙЛАУШЫЛАР!
Мен Қордай ауданының Қарасай ауылында дүниеге келіп, өсіп-өндім. Бүгінде Қордай ауылында тұрамын. Ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың күнделікті мәселелері мен қажеттіліктерін жақсы түсінемін. Жоғары білімімді Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде алып, «Информатика және физика пәндерінің мұғалімі» біліктілігін иелендім. Кейін М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдап, экономист мамандығын меңгердім.
Еңбек жолымды 1996 жылы Қордай ауданындағы «Сарыбұлақ» өндірістік кооперативінде есепші қызметінен бастадым. Кейін «Данабанк» АҚ Қордай филиалында валюталық операциялар бойынша есепші, аудандық денсаулық сақтау басқармасында бухгалтер, «Ақтас» ЖШС-де өткізу бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. 2016 жылғы 11 мамырдан бастап Қордай ауданының мемлекеттік архивінің директоры қызметін атқарып келемін. Алғашында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекеме ретінде жұмыс істеп, 2025 жылы басқарманың атауы өзгеруіне байланысты қазіргі уақытта Жамбыл облысы әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасына қарайды. 2021–2023 және 2023–2025 жылдары екі шақырылым бойы депутаттық қызмет атқардым. Осы кезеңде тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, өзекті мәселелерін көтеруге, олардың оң шешілуіне ықпал етуге күш салдым. Тұрмыстамын, төрт бала тәрбиелеп отырмын. Ана ретінде отбасы құндылықтарын, бала тәрбиесін, сапалы білім мен жас ұрпақтың болашағын ерекше бағалаймын. Жинақтаған білімім мен еңбек тәжірибемді, депутаттық қызметте қалыптасқан тәжірибемді Отар ауылының дамуына, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағыттауға дайынмын.
Құрметпен, Катира Курмангалиевна
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: С.Увалиева
№19 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Қордай аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







