Мен, Жунисбеков Бағлан Қыдырәліұлы, 1990 жылғы 18 тамызда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылында дүниеге келдім.
1997–2008 жылдары Құмөзек ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектепте оқыдым. 2008 жылы С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне түсіп, 2013 жылы «Стоматология» мамандығы бойынша бітірдім.
Еңбек жолымды Мойынқұм аудандық орталық ауруханасында стоматолог дәрігер болып бастадым. 2022 жылғы 6 сәуірден бастап қосымша емхана меңгерушісі және дәрігерлік-консультациялық комиссияның дәрігері қызметтерін атқардым.
2023 жылғы 6 маусымнан 2025 жылғы 24 шілдеге дейін бас дәрігердің медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болдым. 2025 жылғы 25 шілдеден бері Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып қызмет атқарып келемін.
Мойынқұм аудандық мәслихатының VII және VIII шақырылымдарының депутаты болдым. Отбасылымын, үш бала тәрбиелеп отырмын.
Менің ұстанымым
Адам өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау – менің кәсіби әрі өмірлік басты ұстанымым. Күнделікті жұмысымда ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен, медицина мен инфрақұрылымдағы мәселелерімен етене таныспын.
Сайлауалды бағдарлама
Қадірлі Ұланбел, Сарыөзек, Қарабөгет және Құмөзек ауылдарының тұрғындары!
Аудандық мәслихат депутаты – тұрғындардың мұң-мұқтажын жергілікті билік деңгейінде көтеретін өкіл. Сіздердің қолдауларыңызбен ауылдарымыздың дамуына үлес қосып, төмендегі төрт бағыт бойынша жұмыс істеуге ниеттімін.
1 Сапалы медицина және халық денсаулығы
Ауылдардағы медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи диагностикалық құралдармен қамтамасыз етуге ықпал етемін. Жас әрі білікті дәрігерлер мен фельдшерлерді ауылдарға тарту және оларға әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін көтеремін.
Дәріханалық пункттердің жұмысын жүйелеуге, қажетті дәрі-дәрмектің үздіксіз жеткізілуіне көңіл бөлемін. Жедел медициналық көмек көліктерінің дайындығын арттыруға және тұрғындарды жүйелі профилактикалық тексеруден өткізуге атсалысамын.
2 Инфрақұрылым жол және таза су
Төрт ауылды сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету жобаларының толық жүзеге асуын қадағалаймын. Ауылдар арасындағы және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге бюджеттен қаражат бөлу мәселесін көтеремін.
Көшелерді жарықтандыруға, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын салуға ықпал етемін. «Таза Қазақстан» аясындағы абаттандыру жұмыстарына көңіл бөлемін.
3 Ауыл шаруашылығы және жергілікті кәсіпкерлік
Мал өсірушілер мен диқандарға мемлекеттік субсидиялардың және арзандатылған жанар-жағармайдың әділ бөлінуіне ықпал етемін. Тұрғындардың малы үшін жайылымдық жерлердің заңды түрде қолжетімді болуын бақылауға аламын.
Ауыл жастарының шағын бизнес бастауына, несие мен гранттар алуына консультациялық және ұйымдастырушылық көмек көрсетуге атсалысамын.
4 Білім беру жастар және ашықтық
Ауыл мектептерінің жылу жүйесі, интернеті және материалдық базасының талапқа сай болуын бақылауға аламын. Балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған тегін спорттық үйірмелер ашуға ықпал етемін.
Арнайы кесте бойынша әр ауылда тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беремін.
Құрметті сайлаушылар!
Еліміздің дамуы туған ауылымыздан басталады. Ұланбел, Сарыөзек, Қарабөгет және Құмөзек ауылдарының болашағы мен тұрғындардың денсаулығы үшін бірге атсалысайық! Сіздердің дауыстарыңыз – ауылдарымыздың саулығы мен дамуы!
Мақсатым — медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жүйелі жақсарту.
__________________________________________________________________________________
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Б.К.Жунисбеков.
№8 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаттығына өзін-өзі ұсынған кандидаттың республикалық бюджеттік қаражатынан төленді.







