Әр Жолдау қол жеткізілген нәтижелерді саралап, мемлекет пен қоғамның алдында тұрған өзекті мәселелерді шешуге бағыт-бағдар береді. Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы атап өтілетін тарихи кезеңде еліміздің жетістіктерін бағамдап қана қоймай, болашақ алдындағы жауапкершілігімізді де терең сезінуіміз қажет. Жаңа Конституцияның қабылдануы мен саяси жүйенің жаңғыруы мемлекеттілікті нығайтуға жол ашып, ел дамуының жаңа кезеңіне негіз қалады. Бұл ретте халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау, рухани құндылықтарымызды дәріптеу де айрықша маңызға ие.
Шын мәнінде, мемлекеттің өркендеуі экономикалық көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Елдің рухани әлеуеті, мәдени мұрасы мен ұлттық болмысы да қоғам дамуының маңызды өлшемі саналады. Өйткені мәдениет — ұлттың тарихи жадын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, қоғамның рухани тұтастығын нығайтатын күш. Сондықтан мәдениет саласын дамытуға бағытталған әрбір бастама — елдің болашағына жасалған инвестиция. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда өңірлердегі мәдениет нысандарының құрылысын дамытуға ерекше мән берілуі қуантады.
Мемлекет басшысы: «Бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді. Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Осындай аса қажетті, сапалы нысандардың құрылысын жедел түрде бастап, көп ұзамай іске қосуымыз керек», — деді.
Осы орайда Жамбыл облысында мәдениет инфрақұрылымын дамыту, қолданыстағы нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бойынша жұмыс барысын айрықша атап өткім келеді. Аймақта тұрғындарға қолайлы мәдени орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірде жаңа мәдениет нысандарын салумен қатар, жұмыс істеп тұрған мекемелерді жөндеу және олардың инженерлік жүйелерін жаңарту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде.
2019-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 45 жаңа нысанның құрылысы жүргізіліп, 14 нысанға күрделі жөндеу жасалды. Сонымен қатар 91 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстар өңірдегі мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын жақсартуға, ғимараттардың жай-күйін сақтауға және олардың тұрақты қызметін қамтамасыз етуге бағытталды.
2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. Облыстық бюджет қаражаты есебінен 4 мәдениет нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының жылу жүйесіне, Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қасбетіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Талас аудандық музейінің жылу жүйесі, Шу қалалық кітапханасының шатыры мен қоршауы жөнделді. Аталған жұмыстар мәдениет мекемелерінің ғимараттарын күтіп ұстауға, инженерлік жүйелердің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге және келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау кезінде нысандардың техникалық жай-күйі мен оларды одан әрі тиімді пайдалану мәселелері ескеріледі.
Алдағы кезеңде де мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Жамбыл облысының 2026–2030 жылдарға арналған «Өңірлік стандарттар жүйесіне» сәйкес, өңірде 34 мәдениет нысанын салу және 28 нысанға күрделі жөндеу жүргізу қажеттілігі айқындалған. Бұл көрсеткіштер облыстағы мәдениет инфрақұрылымын одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарын белгілейді. Осы қажеттіліктерді кезең-кезеңімен іске асыру мақсатында Жамбыл облысының 2026–2030 жылдарға арналған «Даму жоспарына» 19 мәдениет нысанының құрылысын жүргізу және 6 нысанға күрделі жөндеу жасау жоспарланған. Бұл жоспарлар алдағы жылдары жаңа мәдениет нысандарының санын арттыруға және қолданыстағы ғимараттардың жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жоспарланған жұмыстарды іске асыру барысында мәдениет мекемелерінің қолжетімділігіне, ғимараттардың қауіпсіздігіне және тұрғындардың мәдени қызметтерге деген сұранысына басымдық беріледі. Сонымен қатар нысандарды жаңарту жұмыстары өңірдің мәдени әлеуетін арттыруға, шығармашылық ұжымдардың қызметіне қолайлы жағдай жасауға және халыққа көрсетілетін мәдени қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы, Жамбыл облысында мәдениет инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұған дейін атқарылған құрылыс және жөндеу жұмыстары алдағы жоспарларды іске асыруға негіз болады. Ал 2026–2030 жылдарға белгіленген міндеттер өңірдегі мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындардың мәдени өміріне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыруда өңірлік бастамалардың маңызы зор. Жамбыл облысында қолға алынған құрылыс және жөндеу жұмыстары осы ортақ мақсатқа қызмет етеді. Алдағы міндет — белгіленген жоспарлардың сабақтастығын сақтап, мәдениет мекемелерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру арқылы әр тұрғынға рухани құндылықтармен сусындауға мүмкіндік жасау. Өйткені мәдениетке жасалған қамқорлық — ұлттың рухани тамырына нәр беріп, елдің жарқын болашағына жол ашатын игілікті іс. Жолдауда белгіленген өзге де міндеттерді жүйелі жүзеге асыру еліміздің өркендеуіне, өңірлердің әлеуетін нығайтуға және ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа аманаттауға берік негіз болары айқын.
Ерлан ЖҮНІСБАЙ
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет
және тілдерді дамыту басқармасының басшысы
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







