Бұл жұмыстарды үйлестіру мақсатында өңірде жалпы саны 116 мүшеден тұратын 16 ақпараттық-түсіндіру тобы (АТТ) тұрақты жұмыс атқаруда. Оның ішінде 1 облыстық, 5 қалалық және 10 аудандық ақпараттық-түсіндіру тобы бар.
Топ құрамына мемлекеттік органдардың тәжірибелі қызметкерлері, теологтар, дінтанушылар, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының оқытушылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының имамдары, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері мен ардагерлер енгізілген. Мұндай құрам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының сапасын арттырып, әртүрлі мақсатты аудиториямен тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда профилактикалық жұмыстар 15 негізгі мақсатты топ арасында жүргізілуде. Олардың қатарында 18–35 жас аралығындағы жастар, әйелдер, оның ішінде діндар әйелдер, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, еңбек ұжымдары, қандастар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар, маргиналды орта өкілдері, деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың жақындары, әскери қызметшілер, жазасын өтеушілер мен пробация есебіндегі азаматтар және олардың туыстары, жаттықтырушылар мен спортшылар, мәдениет саласының қызметкерлері, этнос өкілдері, еңбек мигранттары, вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар мен кәмелетке толмағандар бар.
Кездесулер барысында азаматтардың бойында зайырлылық қағидаттарын құрметтеу, толеранттылық, сындарлы диалог мәдениеті, дәстүрлі отбасылық құндылықтар, заңға бағыну, қоғамдық жауапкершілік, адамгершілік, мейірімділік, бірлік, әділдік, еңбекқорлық, білім мен ғылымды құрметтеу, ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға деген құрметті қалыптастыруға басымдық беріледі.
Сонымен қатар террористік, діни экстремистік және деструктивті идеологиялардың қоғамға тигізетін зардаптары, олардың заңсыз сипаты мен құқықтық салдары жан-жақты түсіндіріліп, азаматтардың мұндай теріс идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастыруға ерекше назар аударылуда.
2026 жылдың басынан бері ақпараттық-түсіндіру топтарының қатысуымен 1821 ақпараттық іс-шара өткізіліп, оның аясында 47 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Іс-шаралар барысында тұрғындарға Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі қағидаттары, зайырлы мемлекет құндылықтары, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу тетіктері, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызы кеңінен түсіндірілуде.
Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары азаматтардың діни сауаттылығын арттыруға, радикалды идеологиялардың алдын алуға және өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






