Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, Andes orthohantavirus вирусы Қазақстан аумағында таралмаған. Елімізде хантавирустық инфекциялар қатаң эпидемиологиялық бақылауда. Қазіргі таңда инфекциялық қауіп-қатерлерге тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр, ал зертханалар мен мамандар кез келген жағдайды диагностикалауға және жедел әрекет етуге толықтай дайын.
Дегенмен, шетелге шығатын азаматтар арқылы инфекцияның сырттан келу қаупі сақталады. Осыған байланысты мамандар шекара асудан бұрын баратын елдегі эпидемиологиялық ахуалды алдын ала тексеруді, соның ішінде Saqbol денсаулық тәуекелдері картасын пайдалануды ұсынады.
«Жабайы кеміргіштермен және олар жиналуы мүмкін орындармен жанасудан аулақ болу, өлі жануарлар мен олардың қалдықтарын қорғаныс құралдарынсыз ұстамау кеңес беріледі. Сондай-ақ жабық үй-жайларды жинамас бұрын міндетті түрде желдетіп, жеке гигиенаны сақтау, тек қауіпсіз су ішу және азық-түлікті қорғалған қаптамада сақтау қажет. Қазіргі уақытта халық арасында алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ», — деп мәлімдеді мамандар.
Еске сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) MV Hondius кемесіндегі Andes вирусының өршуі коронавирус сияқты жаппай таралмайтынына сендірген болатын. Ұйым деректері бойынша, сегіз адамның ауырғаны анықталып, оның үшеуі қайтыс болған. ДДСҰ бұл жағдайдың жаңа пандемияға ұласпайтынын баса айтты.







