Театр ұжымы көрермен назарына жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» шығармасы желісімен сахналанған жаңа қойылымды ұсынды. Бұл – репертуарды мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары дүниелермен байыту жолындағы кезекті қадам.
Қойылымның режиссері – «Асанәлі» сыйлығының иегері Гаухар Адай. Ал сахналық кеңістікті үйлестірген қоюшы-суретші – ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина. Шығармашылық топ тарихи кезеңнің тынысын дәл жеткізіп, көрерменді ғасырлар қойнауына жетелейді.

«Сұлтан Бейбарыс» – орта ғасырларда Мысыр мен Шам өңірін қамтыған алып мәмлүк мемлекетінің негізін қалаған, қыпшақ даласының перзенті Бейбарыс сұлтанның күрделі тағдырын арқау еткен шығарма. Жат жерде жүріп 17 жыл ел басқарған тарихи тұлғаның ерлігі, қайсарлығы мен кемеңгерлігі сахна тілінде әсерлі өріледі.
Спектакль желісі Бейбарыстың әділ басшы, алғыр дипломат әрі қайсар қолбасшы ретіндегі болмысын ашып көрсетеді. Оның өміріндегі күрес пен жеңіс, достық пен сатқындық, тағдыр мен таңдау сынды мәңгілік тақырыптар көрермен көңіліне терең ой салады. Қойылым барысында қазақ халқының бай мәдени мұрасы – ұлттық музыка, әуен, би және салт-дәстүр көркем үйлесім табады. Басты рөл – Сұлтан Бейбарыс бейнесін театрдың тәжірибелі актері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдады. Ал Алтын Орда елшісі рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан жоғары кәсібилікпен алып шықты. Тарихшы Тәңірберді образын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков шебер жеткізсе, Хуан Пірадар кейіпкерін Мәмбет Қожалиев сахнада сәтті бейнеледі. Қалауын рөлінде Жандар Қырықбаев, Сұлтанның анасы образында Гаухар Сұлтанбекова, ал Фатима рөлінде жас актриса Ақнұр Елемесова көрермен ықыласына бөленді. Құтыс бейнесін Жандос Ильясбеков сомдады.

Премьера соңында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі табысталып, кештің көркін айшықтай түсті. Сонымен қатар, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев қойылымның қоюшы-режиссері Гауһар Адай мен қоюшы-суретшісі Гүлдана Алинаға ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.

Тарихи-драмалық қойылым Тараз көрерменінің жүрегіне жол тауып, ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Бұл туынды – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті, ұлттық тарихты жаңаша пайымдауға жетелейтін тағылымды сахналық дүние.







