ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен 7-8 сынып оқушылары арасында академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы «Ойлан, тап!» республикалық математика олимпиадасының салтанатты ашылуы өтті.
Бұл зияткерлік сайыс еліміздің Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Олимпиада «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры демеушілігімен оқушылардың математикаға деген қызығушылығын арттыру, теориялық білімдерін практикалық дағдыларын тереңдету, білім алушылардың қабілеттерін, бейімділігін іске асыру үшін жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылуда.
Олимпиадаға еліміздің әр аймағынан 150 оқушы қатысып жатыр.
Ашылу салтанатына академик, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтарбай Өтелбаев, оның шәкірттері – физика-математика ғылымдарының докторлары, профессорлар Бақытбек Қошанов пен Ақтай Біргебаев, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Аманова Зауре Малгаждаровна, басқарма басшысы Нұрбек Оршыбеков, Ш.Мұртаза атындағы халықаралық университеттің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков қатысты.
Алғаш сөз алған білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков олимпиаданың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде академик Мұхтарбай Өтелбаев оқушылармен ақыл-кеңестерімен бөлісіп, олимпиадада сәттілік тілеп, білімге ұмтылудың маңыздылығын атап өтті. Оның өмір жолы мен ғылыми мұрасы – жас зерттеушілерге үлгі.
Сонымен қатар қатысушыларға Республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының өкілі Зауре Аманова, белгілі журналист Сүлеймен Мамет және танымал қазақстандық ғалымдар жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.
Академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы «Ойлан, тап!» республикалық олимпиадасы – ұлттық ғылымды дамытуға зор үлес қосқан көрнекті ғалымның есімін ардақтап, жас ұрпақты терең білім мен ізденіске баулуға бағытталған тағылымды бастама.
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен салтанатты ашылу рәсімінен кейін 150 қатысушы алғашқы кезең тапсырмаларын орындауға кірісті. Олимпиада барысында оқушылар логикалық және шығармашылық сипаттағы есептерді шешіп, білім мен ойлау қабілеттерін сынады. Тапсырмаларды орындау уақыты – 2,5 сағатты құрады.
Түскі үзілістен соң оқушыларға арналған координациялық сағат ұйымдастырылып, онда олимпиадалық тапсырмалардың шешу жолдары мен бағалау критерийлері түсіндірілді.
Күннің екінші жартысында қатысушылар мен жетекшілерге арналған танымдық экскурсия өтті. Олар Тараз қаласындағы тарихи нысандар – Қарахан кесенесі мен Тектұрмас этно-тарихи кешенін аралап, өңір тарихымен танысты.