Қанат Бозымбаев 2009 жылы 30 қарашада Елбасы Жарлығымен Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Жалпы ол облыс басшығына қыр алатын қырық жасында келді. Ел тәуелсіздігінің жариялануын 22 жасында қарсы алып және егемендігіміздің үшінші жылында Қазақ Мемлекеттік басқрау академиясын бітірген, сондай-ақ бизнес құрылымдарында, басқару жүйесінде жылдам өскен Қанат Бозымбаевтан жұртшылықтың күткені де аз емес еді. Біздің облысымызға тәуелсіздік жылдарында бизнес құрылымдардың басшылық сатысынан өткен ірі топ менеджердің әкімдік қызметке келуінің өзі саяси қызығушылығын тудырғаны да жасырын емес.
Қанат Бозымбаев біздің облысымызға төрт жылдан аса басшылық жасады. Оған дейін ірі кәсіпорындарда, «ҚазТрансОйл», «KEGOC», «Самрұқ» холдингі секілді ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдарда, ҚР Экономика және сауда, Энергетика, индустрия және сауда министрліктерінде басшылық қызметтерде болған ол Жамбыл облысы сияқты әлеуметтік-экономикалық даму үрдісі қалыптасқан аймақтың тізгінін бірден мығым ұстады деуге негіз бар. Мәселен, оның облыстың құрамына жаңа толқын жас, іскер, белсенді кадрларды таңдауы жұршылықтың өзінің болашағына деген сенімін оята алды. Оның ел күтпеген таңдаулары кейінірек өзінің жақсы нәтижелерін берді. Қазіргі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевты өзінің бірінші орынбасары етіп тағайындап, дұрыс шешім қабылдады. Алғашқы жұмыс сапарын Қаратау, Жаңатас қалаларынан бастаған Қанат Бозымбаев Қаратау қаласын жұнттай жайнатып, күндіз-түні шапқылап қызмет атқарып жүрген аудандық бағаныстағы шағын шаһардың әкімі Бекболат Орынбековты іс-сапардан орала сала аудан орталығы саналатын Жаңатас қаласының коммуналдық қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылым мәз емес Сарысу ауданына, оның ескерлігі мен еңбекқорлығына, кез-келген мәселені жедел шешетін қасиетіне көзі жеткеннен кейін сегіз айдан соң Тараз қаласына әкім етіп тағайындады.
Облыс әкімі қызметіне дейін тек өндіріс саласына еңбек еткен, қалалық тәрбиеде өскен Қанат Алдабергенұлы өзінің әлеуметтік һәм рухани салаларға басшылық жасайтын орынбасарлығына белгілі қаламгер, облыстың тумасы, мәдени-рухани өмірдің білгірі Мейрамбек Төлепбергенді таңдауы сөз жоқ дұрыс шешім болды. Оның орынбасарлық қызметке келуімен облыстың мәдени-рухани саласында біршама сілкіністің болғандығын айтуымыз керек.
Қанат Бозымбаев өзінің облысқа басшылық жасаған жылдарында еліміздің облыс әкімдері арасында ылғида рейтинг бойынша алдыңғы қатарда жүрді. Әлеуметтік дүмпуі мен шиеленісі аз болмаған Тараздың қақ төріндегі «Көк базарды» көшіру оған оңайға соққан жоқ. Мәселенің күрделілігіне және мыңдаған адамдардың жеке әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларына қатысты дау-дамайы аз болмаған осы шаруа кезең-кезеңмен шешімін әдемі тапты.
Қанат Алдабергенұлының облысқа келген алғашқы күнінен бастап аймақ экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі қыруар жұмысын атап айтуға тиістіміз. Оның халықаралық «Тараз-Инвест» форумын өткізіп, алыс жақын шетелдерден бизнес алпауыттарын шақыртуы өз нәтижесін берді. Мысалы, қазір өңірде табысты еңбек етіп жатқан ресейлік трансконтиненталдық аса ірі «Еурохим» компаниясының облысымызға келуіне жол ашып кеткен Қанат Бозымбаев болатын.
Жалпы ол кез келген істі саясиландырмайтын және мәселені шешуді сөзбұйдаға салмайтын, мәжіліс құмарлықтан, мылжың, былжырақ әңгімеден аулақ болатын. Көшбасшыларға жетісе бермейтін «айттым бітті, кестім үзілді» принципімен қызмет атқаратын. Қызметінде бірсөзді болды.
Осы орайда біздің Елбасымыздың кадр таңдау, іріктеу және тәрбиелеу үрдісінде көзге көріне бермейтін, ресми айтылмайтын кейбір қасиеттеріне таңқалмасқа шараң қалмайды. Қалада туып, еуропаша тәрбиеленген, орыс тілді Қанат Бозымбаевты Жамбыл облысы сияқты таза қазақи аймаққа басшылыққа жіберу арқылы өз ұлтының құндылықтары мен әдеп-ғұрыпын, салт-санасын бойына сіңіруіне мүмкіндік ашуының өзі шындығында көрегендік. Біздің өңірден кейін ол Павлодар облысын табысты басқарды. Қазіргі таңда еліміздің ең бір шешуші құрылымы – Қазақстан Республикасының энергетика министрі қызметін абыроймен атқаруда.
Оның кезінде Тараздың айшықты қақпасы мен Төле би даңғылы бойындағы Қарахан кесенесінің қақ бетіндегі 8 қабатты әкімдік ғимарат қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әкімдік ғимараты пайдалануға беріліп, тарыдай шашылып, әр жерді мекен етіп жүрген облыстың ондаған мекемесіне аз ғана уақытта есігін айқара ашты. Сол көшенің бойындағы бұрынғы былғары аяқ киім комбинатының қас бетіндегі тағы бір жыры таусылмаған ескі құрылыс аз уақытта ірі сауда орталығына айналды. Сондай-ақ «Тараз-Арена» спорт кешені ашылып, әлемдік деңгейдегі жарыстарды қабылдай алатын үлкен ғимарат болды. Мәселен, мұнда «Еуразия барысының» алғашқы байрақты бәсекесі өтіп, жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев әкімнің қолынан бас жүлдені алды.
Сонымен бірге өңірді басқарған төрт жылдың ішінде «Бәйтерек» мөлтек ауданының іргесі қаланды, жаңа балалар ауруханасы бой көтерді, Қордайда жел электр станциясы салынды, Батыс Еуропа-Батыс Қытай автотрассасының құрылысы табысты жүрді, облыс деңгейіне жас білікті кадрлар келді. Бір сөзбен айтқанда, қыруар тіршілік жасалды. Сондықтан да Қанат Бозымбаев жамбылдықтардың есінде батыл бастамалардың басында тұрған басшы ретінде қалды.