Көлік полициясы департаменті 14 ақпан түнінде Астанадағы ескі вокзал маңында болған қатты жарылыс туралы мәлімет берді.
00:25 шамасында Астана станциясының сұрыптау паркінің 12-жолында пойызбен жеткізілген контейнер жарылған. Қаза тапқандар жоқ. Бір адам қолынан жеңіл жарақат алған. Жолаушылар мен жақын маңдағы тұрғындарға қауіп жоқ.
«Бұл оқиға бойынша көлік полициясы департаменті «Теміржол көлігі қозғалысы немесе пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына департамент басшылығы дереу жетіп, арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Әлеуметтік желі қолданушыларының хабарлауынша, жарылыс толқынын көрші аудандардың тұрғындары да сезген. Кейбір жерлерде терезелер сынған.