Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл бастама – еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға, олардың қоғамдағы орнын айқындауға және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосуға бағытталған. Осыған орай біз еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, өз ісімен үлгі болып жүрген азаматтарды таныстыруды жалғастырамыз.
Теміржолшылардың қажырлы еңбегі
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Хантау ауылы. Мұнда теміржолшылардың еңбегі ерекше маңызға ие. Солардың бірі – темір жол саласында 20 жылдан аса уақыт тер төгіп жүрген Бөлдешов Жаңабек Амангелдіұлы.
Жаңабек Амангелдіұлы теміржол саласына арнайы курстарды тәмамдап, Хантау ауылындағы станцияға электромеханик болып жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда ол ШЧ-35 мекемесінде электромеханик қызметін атқарып келеді.
«Күннің суығы мен ыстығына, жұмысымыздың қауіптілігіне қарамастан, мен өз кәсібімді жақсы көремін. Бұл сала – менің жүрек қалауым. Жұмыстағы әр күн – жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді, бірақ осы еңбектің арқасында біз еліміздің экономикасына өз үлесімізді қосып отырмыз», — дейді ол.
Ел экономикасының күретамыры
Теміржол – экономиканың басты күретамыры. Осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың кәсібилігі мен еңбекқорлығы – ел болашағының кепілі. Біз еңбек адамдарына ризашылығымызды білдіре отырып, олардың қажырлы қызметі әрқашан бағаланатынына сенімдіміз.
Бұл – еңбекқорлықтың, кәсібиліктің және елге адал қызмет етудің айқын үлгісі. «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында осындай еңбек майталмандарын көрсету арқылы біз жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын арттыруды мақсат етеміз.