2024 жылғы 11 сәуірде С., есірткі заттарын заңсыз айналымына бағытталған қылмыстық пиғылымен, аса ірі көлемде «гашиш» есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтау және тасымалдау үшін оны өзінің жеке меншігіндегі көлігіне салып, шамамен сағат 18:00-де Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданына барған. Алайда, осы күні Жамбыл облысы полиция Департаментінің есірткіге қарсы күрес Басқармасының қызметкерлерімен С. есірткі заттарын заңсыз айналымында әшкерленген. С.-ның көлігін тінту кезінде көліктің салонынан қара сөмке алынған, оның ішінде жалпы салмағы 721,26 грамм «гашиш» есірткі заты бар 11 полиэтилен пакеттері анықталып, алынған. Сол күні сағат 22:00 шамасында С.-ның үйінде тінту кезінде жуыну бөлмесінде скотчпен оралған төрт пакет, шкафта скотчпен оралған үш пакет, үйдің екінші қабатында шатырдың астында жиырма алты пакет, олардың ішінде жалпы салмағы 18 614,69 грамм «гашиш» есірткі заты бар анықталып, алынған, одан басқа шкафта, ішінде жалпы салмағы 22 000,0 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты бар скотчпен оралған бір қап анықталып, алынған.
Тараптың позициясы:
Прокурор С.-ға 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы С. кінәсін толық мойындайды.
Дәлелдемелер бойынша:
Басты сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайларын талдап, дәлелдемелердің қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы тұрғысынан, сондай-ақ жиналған барлық дәлелдемелердің жиынтығын істі шешу үшін жеткілікті деп бағалап, сот сотталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындығына келді.
Сот шешімі:
Сотталушы С.-ң қылмыстық жазасын жеңілдететін мән-жайларға сотталушының шын жүректен өкінуін жатқызды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен С. ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша өтеуге 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, автокөлігі мемлекет пайдасына тәркіленуге жатады деген шешім шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылғын ауданаралық сотының баспасөз қызметі