Сотталушы А. 2024 жылғы 3 наурыз сағат 19:30 шамасында, Т.Рысқұлов ауданы аумағында орналасқан «Тәтті-Қорағаты-Луговой» тас жолының 6 шақырымында, жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде бола тұра, техникалық ақауы жоқ «Toyota Camry 20» маркалы автокөлігін Қорағаты ауылы жақтан Луговой ауылы бағытына қарай басқарып келіп, жолдың қарсы бағытына шығып, автокөліктің алдыңғы сол жақ бұрышымен, қарсы бағытта өз жолымен Луговой ауылы жақтан Қорағаты ауылы бағытына қарай қарама-қарсы бара жатқан жүргізуші Ш.-тың басқаруындағы техникалық ақауы жоқ «Audi 80» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Осы жол-көлік оқиғасының салдарынан «Audi 80» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Ш. және оның жолаушысы А. алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған. Ал, осы «Audi 80» маркалы автокөлігінің жолаушылары кәмелетке толмаған М.-тің денсаулығына орта ауырлықтағы зиян, кәмелетке толмаған М.-тің денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Сотталушы өзінің іс-әрекетімен Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларының 2.12.2-тармағында, 9.61-тармағында және 10.72-тармағында көрсетілген талаптарын өрескел бұзған.
Тараптың позициясы:
Прокурор А.-ға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы А. кінәсін толық мойындайды.
Дәлелдемелер бойынша:
Басты сот талқылауы барысында істің барлық мән-жайларын талдап, дәлелдемелердің қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы тұрғысынан, сондай-ақ жиналған барлық дәлелдемелердің жиынтығын істі шешу үшін жеткілікті деп бағалап, сот сотталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындығына келді.
Сот шешімі:
Сотталушы А.-ң қылмыстық жазасын жеңілдететін мән-жайларға сотталушының тұрғылықты жері бойынша жақсы мінезделуін, жас баласының болуын жатқызды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 345-1-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сотталған А.-тан жәбірленушінің пайдасына 5 000 000 теңге моральдық зиян, 32 000 теңге мүліктік залал өндірілу туралы шешім шығарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылғын ауданаралық сотының баспасөз қызметі