Еліміздің су қоймаларында еріген қар суын қабылдау үшін бос орын дайындалуда
Келесі жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында «Қазсушар» филиалдары еліміздің солтүстік, батыс, орталық және шығыс өңірлеріндегі су қоймаларында бос орынды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Бүгінгі таңда Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының су қоймалары жұмысының кестесі әзірленді. Қостанай облысындағы Қаратомар су қоймасынан секундына 50 текше метр су жіберілуде.
Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасынан секундына 15 текше метр, Ақтөбе су қоймасынан секундына 0,5 текше метр су жіберіліп жатыр. Бұл ретте 23 тамыздан 1 қазан аралығында Ақтөбе су қоймасынан 107,1 млн текше метр су жіберілді.
БҚО-да Киров су қоймасынан секундына 3 текше метр, Бітік су қоймасынан секундына 13 текше метр су ағызылады. Дөңгелек су қоймасынан секундына 6 текше метр, Пятимарск су қоймасынан секундына 5 текше метр су жіберілуде.
«Басқа өңірлерден айырмашылығы, Қазақстанның оңтүстігіндегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істейді. Көктемде еліміздің су қоймалары 75 миллиард текше метр су жинап, еріген суды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 млрд текше метрге артық. Бұл көлемнің 12 млрд текше метрден астамы тасқын су»,- деді Су ресурстары және ирргация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі