Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеттеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың профилактикасына бағытталған іс-шаралар әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау, сондай-ақ әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
Сонымен бірге, Әдеп жөніндегі кеңес қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған тиісті санаттарындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің аппараттарында дербес лауазымдағы әдеп жөніндегі уәкілдерге қатысты тәртіптік істерді қарайды.
2023 жылдың 12 айында Әдеп жөніндегі кеңестің мәжілісі 12 рет өткізіліп, онда барлығы 98 мәселе қаралды, оның ішінде 28 тәртіптік іс және 70 профилактикалық мәселелер бойынша сұрақтар.
Тәртіптік істерді қарау нәтижелері бойынша 21 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолдану ұсынылды, оның ішінде: мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін – 20(мемлекеттік сатып алу, жер және өзге де заңнама талаптарын бұзғаны үшін), әдеп нормаларын бұзғаны үшін – 1 және7 іс заңды негіздер бойынша тоқтатылды.
Тәртіптік жаза түрлері бойынша: «атқаратын лауазымынан босату» — 2, «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» – 18, «ескерту» – 1.
Қызметтік тәртіпті нығайту және бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 213 ұсыныс енгізілді (әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін үйлестіру және мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларымен өзара әрекеттесу, қызметтік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтауға бағытталған шараларды жүзеге асыру бойынша).
Сонымен қатар, есепті кезеңде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерімен түрлі мәселелер бойынша 49 жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, онда барлығы 138 азамат қабылданды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы және әдеп нормаларын түсіндіру бойынша 92 іс-шара өткізілді.
Одан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңестің отырыстарында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша да жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысына жүргізілген талдаулардың нәтижесінде, Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынымдары негізінде 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты қолданылған тәртіптік жазаларының күші жойылды, сәйкесінше олардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Нақтырақ айтқанда, жүргізілген талдаулардың барысында Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары М.М.Орымбаевқаауыл әкімінің өкімімен қолданылған«ескерту» түріндегі жазаға қатысты зерделеу жүргізіліп, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының талаптары бұзылғандығы анықталды.
Аталған мәселе, 2023 жылдың 27 қазанында кеңес отырысында қаралып, оның нәтижесі бойынша Б.Момышұлы ауылының әкіміне М.М.Орымбаевқа тәртіптік жаза қолдану туралы актінің күшін жою арқылы оның бұзылған құқықтарын қалпына келтіру ұсынылған.
Нәтижесінде, М.М.Орымбаевқа қатысты 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №279-ө өкімімен қолданылған «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаның күші жойылып, мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілген.
Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде өз жалғасын табатын болады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Жамбыл облысы бойынша департаменті