Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 470 бабына сәйкес, аудандық және оған теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралмаса, апелляциялық шағым жасаудың және прокурордың өтінішхатын келтірудің мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 471 бабының бөліктеріне сәйкес, сотталған адамды ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейiнге қалдыру, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру туралы сот қаулылары сотталған адамды күзетілуден босатуға қатысты бөлігі, соттың шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға немесе наразылық білдірілуге жатпайтын қаулысы шығару бөлігі және соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істi тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлiгi дереу орындалуға жатады.
Сот үкімдерін және қаулыларын орындауға беру,Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) Басшысының 2016 жылғы 5 наурыздағы № 6001-16-7-6/89 өкімімен бекітілген «Аудандық және оған теңестірілген соттарда іс қағаздарын жүргізу ережелері» талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-ші бөлігіне сай, соттар шешімдері, үкімдері мен өзге де қаулылары Республиканың бүкіл аумағында міндетті күшке ие.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 472 бабының бірінші бөлігіне сәйкес, соттың заңды күшiне енген үкiмi мен қаулысы мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында бұлжытпай орындалуға жатады.
Соттың үкiмiн, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Қадірбек Нұржан Боранбайұлы
Жамбыл облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының төрағасы