Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша полицияға жылына 100 мыңға жуық арыз-шағым келіп түседі.
Заң бұзған, қылмыс жасаған кез келген азамат тиісті жазасын алатынын, ал жәбірленуші мемлекет пен қоғам оны қорғайтынына сенімді болуы керек.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде елеулі қадамдар жасалды. Алайда отбасының шырқын бұзып, зорлық-зомбылық жасағандардың 10%-ы ғана жауапқа тартылады. Себебі жәбірленушілердің басым көпшілігі өтінішін қайтарып алады немесе медиация арқылы татуласады. Осылайша құқық бұзған азамат жауапкершіліктен сытылып шыға келеді.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның негізгі құндылығы – Заң мен тәртіп екенін нақты атап өтті. Президент қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді және көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелеске, ұрлық пен кісі өліміне дейінгі барлық құқық бұзушылықтарға қатысты ымырасыздықтың маңыздылығын атап өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік, бұзақылық – мұның бәрімен тек мемлекет пен құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып, әрқайсымыз күресуіміз керек.
Ең бастысы, қоғамда тұрмыстық зорлық зомбылыққа мүлде төзбеушілік қағидасы қалыптасуы керек.