Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, Қылмыстық кодекстің (әрі қарай ҚК) 296-бабының 3-бөлігі (есірткі, ірі мөлшердегі, аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау), 297-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағы (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу, аса ірі мөлшерде есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша айыпталушы К.Х.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен не анықталды:
2022 жылдың қыркүйек айында, сотталушы К.Х. Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Тәтті ауылына қарасты құмды алқапта орналасқан шаруа қожалықтардың бірінде мал бағып жүріп, аса ірі мөлшерде есірткі затының заңсыз айналымымен айналысу қылмыстық ойы туындаған. Осы қылмыстық ойымен сотталушы К.Х. өзімен алып келген қолғапты қолына киіп, құмды алқапта табиғи түрде өсіп тұрған қарасора есірткі өсімдігін өткізу мақсатында жинап, полиэтиленді пакетке салып, пакеттерді қапқа салып, заңсыз иемденіп, шаруа қожалығының маңында сақтаған. Ары қарай, сақтап қойған 1 қапқа салынған 3 дана полиэтилен пакеттегі есірткі заттарын темірден жасалған табақ және ағаш илегішпен үгітіп, қалған есірткі заттарын бұрыңғы орнына қайта сақтау үшін апарған.
2022 жылғы 22 қараша айында, Жамбыл облысы полиция департаментінің ауданаралық есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлерімен «Қарасора-2022» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында, сотталушы К.Х. Меркі ауданы, Тәтті ауылына қарасты құмды алқаптағы шаруа қожалығында ұсталған.
Оқиға болған жерді қарау барысында, шаруа қожалығынан батыс бағытта 100 метр жерден сотталушы К.Х. заңсыз сақтаған, жалпы салмағы – 130 150,00 грамм аса ірі мөлшердегі «кептірілген марихуана» есірткі заттары, екі дана ағаш илегіш, ақ түсті полиэтилен пакет және темірден жасалған табақ табылып алынған.
Сот талқылауында, мемлекеттік айыптаушы сотталушы К.Х.-ға тағылған айыпты өзгертіп, негізсіз тағылған деп, айыптаудан ҚК-нің 296-бабының 3-бөлігін шығарып тастады.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушы К.Х.-ға 11 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот отырысында сотталушы К.Х. кінәсін ішінара мойындады.
Дәлелдемелер бойынша:
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: тергеп-тексеру амалдары жүргізілу барысында толтырылған және басты сот талқылауында зерделенген процессуалдық құжаттармен, іс бойынша сұралған куәлердің жауаптары, сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің өзге де материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі:
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сот оның тұрғылықты жері бойынша жақсы мінезделуін, жас баласының болуын табады.
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.
Сот үкімімен ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 3)-тармағы бойынша К.Х.-ға орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.