Жалған нөмірге сенген жүргізуші жол ережесін 101 рет бұзған. Нәтижесінде бұзушылықтарға 907 000 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Тескеріс барысында анықталған «Toyota Camry» маркалы көліктің иесін іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында жедел басқару орталығының қызметкерлері Тараз қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, бейнебақылау камералары
арқылы аталған автомашинаны анықтады. Көлікті іздестіруде оның қараңғыланған әйнек, қара түсті «Toyota» белгісі, істен шыққан фара, ерекше суреті бар дөңгелек дискілері сынды ерекше белгілері көмектескен.
6 маусымда сағат 02.19-да Жамбыл даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында тәртіп сақшылары 32 жастағы жол қозғалысы ережелерін бұзушыны тоқтатты. Автокөліктің жүксалғышын тексеру барысында
айыппұлдан құтылу мақсатында пайдаланған жалған көлік нөмірлері табылды.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабының 2-бөлігі, 590-баптың 3,4,5- бөліктері (міндетті сақтандыру шартын жасаспау, көлік құралында көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін орнату, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтін көлік құралдарын басқару, сондай-ақ ақаулар болған кезде көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын жағдайлар) бойынша тағы 4 әкімшілік хаттама толтырылды.
Жүргізуші өз кінәсін толық мойындап, барлық айыппұлдарды төлеуге және алдағы уақытта жол қозғалысы ережелерін бұзбауға уәде берді.
Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Соттың шешімі бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан 1 жылға айыру түріндегі жаза тағайындалды.