Тараз қаласының жаңа әкімі Бақытжан Орынбеков бұқаралық ақпарат құралдары басшыларымен кездесу өткізді. Кездесу үш сағатқа жуық созылды. Әкім БАҚ өкілдерінің өңірдегі түйіткілді мәселелер бойынша сұрақтарына жауап берді.
Қызметке тағайындалғанына он күн болған Тараздың жаңа әкімі Бақытжан Әмірбекұлының ресторан, кафе, құрылыс компаниясы бар екені жайлы әлеуметтік желіде ақпарат жарияланған болатын. Желідегі қауесеттерге әкім өз жауабын берді.
Әкім өзінің кеңесшілерімен танысып үлгермепті
Осыған дейін Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі Нұржан Нұралиев Байзақ ауданы білім бөлімі басшысы қызметіндегі әрекеті үшін Жамбыл облыстық Антикордың тергеуімен ҚР Қылмыстық кодекстің 189 бабының 4 бөлігінің 2 тармақшасымен күдікті ретінде өтуде.
Ол Тараз қаласы әкіміне қандай кеңес беріп жүрген деген заңды сауал туындауына байланысты сұрақ қойылғаннан кейін Орынбеков өзінде ондай кеңесші болмағанын айтты.
Орынбековтың отбасылық бизнесі бар ма?
Әлеуметтік желілерде жаңа әкімнің Тараздағы «Атриум», «Тойқазан», «Чао какао» мейрамханалары мен «Тараз көлік жолы» ЖШС иесі ме деген мәселелер жазылған болатын. Әкім осы сұрақтар бойынша тоқталып, өз жауабын айта кетті.
— 2004 жылға дейін бизнеспен айналысқаным рас. Сол жылы барлық бизнесімді кіші ініме тапсырып берген болатынмын. Таразда бизнеспен айналыспадым. Мемлекеттік холдингта қызмет еттім. Менің отбасымның барлық мүшелері бизнеспен айналысады. Олардың ешқайсысы мемлекеттік қызметте емес. Қазіргі таңда ешқандай бизнеске қатысым жоқ. «Атриум», «Тойқазан», «Чао какао» ресторандары менің отбасымдағы адамдарға тиесілі, компаниялар да отбасы мүшелеріне тиесілі. Сонымен қатар отбасымызға тиесілі Астанада, Алматыда, Таразда мүліктеріміз бар. Менің отбасы мүшелерім адал бизнесмендер, – деді Тараз қаласының жаңа әкімі.