Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Олардың құрылуына түрткі болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 2013 жылдың 4 сәуірінде өткен XX сессиясында сөйлеген сөзі.
Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды дамыту және насихаттау, отбасы мәртебесін арттыру, этнос әйелдері арасында құқықтық сауаттылық деңгейін жетілдіру бойынша ақпараттық- кеңестер өткізіп, қоғамдық маңызды шараларды ұйымдастырып келеді. Осы бағытта Аналар кеңесі «Бақытты отбасы» орталығында некені бұзу туралы істерді сотқа дейін реттеу шарасына қатысып, аталған мәселе бойынша жүгінген он отбасының арызын қарастырды. Нәтижесінде мәселесі терең деп табылған алты отбасының екеуі сақталып, екеуіне өзара мәмлеге уақыт берілсе, некесі бұзылған екі отбасында балалардың құқығын қорғау ұсынылды. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің жетекшісі Мухабат Миражапова мен кеңес мүшелері Аракси Плетнева және Роза Изъятова Байзақ ауданында тағы бір отбасын сақтау мақсатында кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп қайтты.
Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі атқарған ауқымды жұмыстардың басым бөлігі отбасын сақтап қалу сынды қоғамда маңызды мәселеге айналған түйіткілдерді шешуге арналып келеді. Бірлік пен берекені сақтап, отбасын ұйыта алғандық Отанға да пайдалы болары сөзсіз деп білетін Аналар кеңесінің мүшелері алға қойған жоспарлар да жүйелі. Еліміздің бейбітшілігін, отбасылардың беріктігін сақтауда ҚХА Аналары мен барша аналардың арқалаған жүгі ауыр.
Еске сала кетсек, 2020 жылы пандемия уақытында Жамбыл облысының аналар кеңесі үйде отырып, 500 дана маска тігіп, оны еріктілер арқылы тегін таратуды ұйымдастырды. Тұрғындардың тиісті санатына ҚХА- ның «Жаңғыру жолы» қозғалысына қатысушылардың көмегімен азық-түлік жиынтығы мен дезинфекция жасайтын сұйықтықтар жеткізілді. Мұқтаж адамдар хабарласуы үшін «Қоғамдық келісім» КММ жанынан жедел байланыс телефоны орнатылды.
Өңірдегі Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты Аналар кеңесі ұдайы осындай игілікті бастамалардың басы-қасында жүреді. Бұл ана деген ұғымның қашан да ізгілік пен жақсылықтың, мейірім мен қайырымды істердің негізг ұйытқысы екенін айғақтайды.