Тіл- мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз- тіл болмақ емес, тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет болып орнағалы ширек ғасырға таяу уақыт болды. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп жарияланды. Бұл тұста Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол ашып берді. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ.
Осы тұста Елбасының «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», – деген ұлағатты сөзін ескермей кету мүмкін емес. Сондықтан да біз өмір жаңарған, мазмұн жаңарған тұста ана тіліміз – қазақ тілінің өркенін өсірер жаңа істер атқарудамыз. Күнделікті сабақ барысында тіл қағидаларын оқытуға ғана назар аударып қана қоймай, қосымша материалдар арқылы қазақ халқының әдеп ережелерінен бастап, мәдениет, өнер, сөз тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі, адамгершілік қасиеттері, ұлы адамдар өмірі, мамандыққа сәйкес түрлі атаулар сыры мен әр түрлі мәтіндерге, тіл мәдениетіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл жастарға тек тілді ғана меңгертіп, үйретіп қоймай, ана тілі арқылы нағыз патриотты тәрбиелеуде де үлкен септігін тигізіп жүр.
Қазақ халқының мәдениеті, өнері, ақын-жазушылары, музыкалық аспаптары, зергерлік бұйымдары туралы материалдар жинақталуда. Бұл материалдарды күнделікті сабақ барысында қолдану арқылы жастардың ұлттық санасы, сезімі мен өзін-өзі тануы, рухани қалпы шыңдалады. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Демек әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді құрмет тұтып білуі тиіс. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Ана тіліміздің мәртебесін үстем етіп, еліміздің мерейін көтерейік. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек. Бұл біздің басты парызымыз.
Саутова Гульбану- Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы